Бүгін ШҚО-да нөсер жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі
Фото: depositphotos.com
24 маусымда Шығыс Қазақстан облысында ауа райы күрт өзгереді. «Қазгидромет» ШҚО филиалының мәліметінше, облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында бұршақ жауып, дауыл соғуы ықтимал, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жел оңтүстік-шығыстан соғып, солтүстік-батысқа ауысады. Түнде батыс, солтүстік және шығыс аймақтарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с дейін жетеді. Күндіз солтүстік, шығыс және оңтүстік аймақтарда 15-20 м/с, екпіні 23 м/с дейін күшейеді.
Облыстың солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Ал оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі бар.
Өскемен қаласында найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін. Қалада да жоғары өрт қаупі сақталып отыр.