KZ
Өскемен
-33°
пасмурно жел 0,4 м/с, В
510.43 594.86 6.49

ШҚО әкімі: «Жыл соңына дейін өңір тұрғындарының 100 пайызы таза ауызсумен қамтылуға тиіс»

26.06.2025, 13:16 479 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысында ауызсумен қамту мәселесі жіті бақылауға алынып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әкімдік отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін облыс халқының 100 пайызын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл – әр әкімнің тікелей жауапкершілігі. Құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасына ерекше мән берілсін, – деді аймақ басшысы.

Отырыста Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы су құбыры құрылысының кестеден бір айға кешігіп жатқаны айтылды. Алайда мердігер ұйым өкілдері төрт қосымша техника тартып, жұмыс қарқынын арттырғанын жеткізді. Жоба 20 шілдеге дейін жоспарланған мерзімге сай аяқталады деп күтілуде.

Глубокое ауданының Белоусовка кентінде жазғы маусымда су құбыры желілерінде бірнеше апат тіркелген. Бұрын 115 шақырымдық су құбыры сапасыз жүргізілгендіктен, тұрғындар бірнеше жыл бойы толыққанды сумен қамтылмай келді.

– Сіздердің қолдауларыңызбен 70 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жаңа жобалық шешімдер әзірленіп, құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов.

Құлынжон, Аққала, Көкжыр ауылдарындағы су құбырларының сапасыз салынуы салдарынан халық төрт жылдан бері ауызсумен толық қамтылмай келеді. Қазір облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстарына конкурс жарияланған.

– Қазір екінші рет конкурс өткізіліп жатыр. Үш компания қатысуда, мердігер анықталған соң, қараша айына дейін нысандар пайдалануға берілуге тиіс, – деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.

Облыс әкімі бірнеше аудан әкімдеріне нақты мерзімдер бойынша тапсырма жүктеді. 1 тамызға дейін Катонқарағай ауданының Топқайың ауылындағы, 1 қыркүйекке дейін Марқакөл ауданының Боран ауылындағы, 1 қарашаға дейін Самар ауданының Құлынжон, Аққала, Көкжыр ауылдарындағы, Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі жобалар аяқталуға тиіс.

Сонымен қатар Риддер, Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының әкімдері 1 қазанға дейін су құбырларын пайдаланушы ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беріп, тарифтер мен шығындар сметасын қайта қарауға міндеттелді.

Нұрымбет Сақтағанов құрылыс сапасы мен қаражаттың мақсатты игерілуі әрбір әкімнің жауапкершілігінде екенін баса айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы – ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда болады. Басқармалар мен әкімдер жұмысты соңына дейін жеткізуге тиіс, – деді облыс әкімі.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу