KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 5 м/с, Ю
505.53 593.44 6.34

Қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпкерлер кей салықтардан босатылады

pixabay.com

22.07.2025, 16:30 4 278 Төлеуғазы Жансая

Салық төлеушілер енді қызметін уақытша тоқтата отырып, кейбір салық есептілігін тапсыру міндетінен босай алады. Бұл ретте айыппұл мен өсімпұл салынбайды. Алайда бұл тәртіптің өзіндік талаптары мен шектеулері бар, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Әрбір салық төлеуші қызметін уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдауға құқылы. Қызметті тоқтата тұру салық төлеушіге өсімпұл мен айыппұл салу тәуекелінсіз салықтың негізгі түрлері бойынша салық есептілігін табыс етпеуіне мүмкіндік береді. Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру, мерзімін ұзарту және қайта бастау тәртібі ҚР Салық кодексінің 213-бабымен белгіленген.

Салық төлеуші, қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған жағдайда, өзінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына бір мезгілде қызметті тоқтата тұруға салықтық өтінішті және салық есептілігінің нысандарын (қолданылатын салық режиміне байланысты 100.00, 200.00, 910.00 және т.б. CЕН) ұсынуы қажет. Егер кәсіпкер ҚҚС бойынша есепте тұрса, 300.00 «тарату» нысанын тапсыра отырып, ҚҚС бойынша есептен шығару қажет.

Атап өту қажет, мүлік салығы, көлік құралдары, жер салығы бойынша, сондай-ақ жер телімдерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұруға болмайды. Бұл салықтар салық төлеушінің қызметі тоқтатылған жағдайда да есептеліп, төленуі керек.

Арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкерді қоспағанда, тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушілерге; ойын бизнесі салығын төлеушіге; арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланатын шағын бизнес субъектілері үшін немесе бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкерге; ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулыы салық режимін қолданатын салық төлеушіге қызметін тоқтата тұруына болмайды. (ҚР Салық Кодексінің 213-бабының 7-тармағы).

Егер салық төлеушінің өтініш берген күні салықтар бойынша немесе әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болса, салық есептілігі табыс етілмесе, ҚҚС бойынша есептен шығаруға өтініш болмаса, салық төлеуші әрекетсіз деп танылса, сондай-ақ бұрын салық органы жіберген орындалмаған хабарламалар болса ҚР Салық кодексінің 213-бабының 4-тармағына сәйкес қызметті тоқтата тұру мүмкін емес.

Сондықтан кәсіпкерге, мемлекеттік кірістер органдарына қызметті тоқтата тұру туралы өтініш бергенге дейін барлық ағымдағы салық есептіліктерін ретке келтіріп, салық берешегін өтеп, салық міндеттемелерін орындау қажет.

Қызмет ескіру мерзімінен аспайтын жалпы мерзімге - 3 жылға және (ҚР Салық кодексінің 48-бабына) сәйкес тоқтатылады. Қызметті қысқа мерзімге (мысалы, 1 жылға) тоқтата тұруға, кейін қажет болған жағдайда үш жылға дейін ұзартуға болады. Мемлекеттік кірістер органы қызметті тоқтата тұруды өтінішті алған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде (патенттегі ДК бойынша – өтініш берілген күні) жүргізеді.

Өтінішті салық төлеушінің кабинетінде және www.egov.kz  «электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады. Тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында осындай шешім қабылданған күннен кешіктірілмей жарияланады және салық өтінішінде көрсетілген кезең үшін салық есептілігін ұсынбау үшін негіз болып табылады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу