Қате төледіңіз бе? Уайымдамаңыз! Салық пен төлемді қайтарып алуға болады
depositphotos.com
Кейде салық төлеушілер бюджетке артық немесе қате төлем жасайды. Мұндай жағдайда төлемдеріңіз жоғалып кетпейді – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қайтарып алуға немесе басқа салықтар мен міндеттемелер есебіне жатқызуға болады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл мәселе бойынша мемлекеттік кірістер органдары «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлдарды, айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» атты мемлекеттік қызметті ұсынады.
Есепке жатқызу дегеніміз не?
Бұл – бюджетке артық немесе қате төленген сомаларды басқа салықтық міндеттемелерді өтеу үшін пайдалану. Яғни, бір салық түріне артық төледіңіз делік, сол соманы өзге салық түріне автоматты түрде аударуға болады.
Ал қайтару қалай жүзеге асады?
Егер салық төлеуші өз шотына ақшасын қайтарып алғысы келсе, ол да мүмкін. Артық немесе қате төленген сома салық берешегі болмаса, төлеушінің банктік шотына аударылады.
Қалай өтініш беруге болады?
Салық төлеуші артық немесе қате төлемді қайтаруға не есепке жатқызуға өтінішті:
-
өзінің салық кабинетінде;
-
немесе ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы eGov.kz порталында онлайн түрде жолдай алады.
Мемлекеттік кірістер органына төлем жасалған күннен бастап 3 жыл ішінде өтініш беруге болады. Ал өтініш 5 жұмыс күні ішінде қаралады.
Егер төлем мемлекеттік бажға қатысты болса, онда оны қайтару үшін тек уәкілетті органнан растайтын құжат керек. Төлем түбіртегі қажет емес.
Дербес шоттар жүргізілмейтін төлемдер (мысалы, мемлекеттік баж) бойынша құжаттар уәкілетті органға беріледі. Кейін бұл орган қорытынды жасап, мемлекеттік кірістер органына жібереді.
Қосымша ақпаратты vko.kgd.gov.kz сайтынан немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы біле аласыз.
Ескеріңіз: бюджетке төленген артық соманы уақтылы қайтару – сіздің заңды құқығыңыз. Егер салық саласында осындай жағдайға тап болсаңыз, жоғарыда көрсетілген жолдармен өтініш беруден тартынбаңыз!