Бөлшек салық режимі: нені білу керек?
Фото: depositphotos.com
Мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы:
- салықтық кезең ішіндегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайды;
- күнтізбелік жылдағы табыс 600 000 АЕК-тен (2024 жылы 2,215 млрд теңге) аспайды;
- осы режимді қолдану мақсаттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің тек қана біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырады.
2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 22.05.23 жылғы №393 қаулысымен бекітілген бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі 190-дан 364 қызмет түріне дейін кеңейтілді.
Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде алынған (алынуға жататын) және салықтық кезеңде жиынтығында жалпы белгіленген тәртіппен айқындалатын кіріс салық салу объектісі болып табылады.
Бұл ретте, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі осындай салық төлеуші-жұмыс берушінің жұмыскерлерінің кірістері бойынша оның шығыстарының сомасына азайтылуға жатады.
Салық мөлшерлемелері
- 4% – Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде салық кезеңі үшін алынған (алынуға жататын) барлық кірістер бойынша. Бұл ретте жергілікті өкілді органдардың бөлшек салық мөлшерлемесінің мөлшерін 50%-ға, яғни 4%-дан 2%-ге дейін төмендетуге құқығы бар;
- 8% – кәсіпкерлік субъектілеріне тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша, мұндай шығыстарға шегерімдер сомасын құжаттамалық растау қажет болған жағдайда (электрондық шот-фактураларды жазып бере отырып немесе сатып алушының ЖСН/БСН көрсете отырып чек беру). Бұл мөлшерлеменің мөлшері төмендетуге жатпайды.
Салықтық кезең және салық төлеу
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданудың салық кезеңі күнтізбелік тоқсан болып табылады.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар (913.00-нысан) салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.