Су тасқыны: Салық төлеу кейінге шегеріле ме?
Фото: serke.org
Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан Республикасының өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен адамдар үшін салықтық әкімшілендіруді реттеудің өзге тәртібін белгілеу туралы» бұйрық дайындады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің ақпараты ойынша, құжатта жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізген салық төлеушілер үшін:
*Төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, барлық салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру ұсынылсын;
*2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын салық есептілігін тапсыру мерзімдері 2024 жылғы 1 шілдеге ауыстырылсын;
*Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын;
*Орындау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімі 2024 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылсын;
Келесі кезекте, аталмыш мерзімге дейін тоқтатылады:
- салықтық тексерулерді (кешенді, тақырыптық, қарсы, хронометраждық зерттеп-қарау) тағайындау;
- мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын салықтық тексерулер жүргізу мерзімінің өтуі.
Бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру мерзіміне және талап қою мерзіміне қосылмайды;*Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұл есептеуді 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын.
Бұйрық 2024 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Құжат «Ашық НҚА» сайтында талқылау үшін 29 сәуірге дейін орналастырылған.