Қазақстанда алғашқы медициналық көмектің сапасы жақсарып жатыр
Елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек (ПМСП) жүйесін жаңарту жалғасуда. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық ПМСП орталығының директоры Айгүл Қасымова айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Қазақстан бойынша 677 алғашқы медициналық көмек көрсету нысаны жұмыс істейді. Оның 62 пайызы қалаларда, 38 пайызы ауылдарда орналасқан. Мемлекеттік мекемелер шамамен 15 миллион адамға қызмет көрсетсе, жекеменшік ұйымдар 5 миллионға жуық тұрғынды қамтып отыр.
Министрліктің мәліметінше, учаскелік қызметтің негізін жалпы практика дәрігерлері құрайды – олардың үлесі 80 пайыз. Қазіргі таңда негізгі медициналық мамандықтармен қамтылу деңгейі дәрігерлер арасында 84-87%, ал медбикелер арасында 81% шамасында.
Айгүл Қасымованың айтуынша, соңғы жаңартулардың ішінде ең маңыздысы – алғашқы көмектің стандарттарын жетілдіру. Енді дәрігер қабылдауына бөлінетін уақыт ұзартылды. Бұл пациентті мұқият қарауға, алдын алу шараларын күшейтіп, науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Дәрігерді үйге шақыру талаптары қайта қаралып, мобильді бригадалардың рөлі артты. Шұғыл көмек кабинеттері де ашыла бастады.
2025 жылдан бастап скрининг (аурудың алдын ала анықтау) бағдарламалары жаңаша форматта жүргізіледі. Енді жас ерекшеліктері нақты бөлініп, тексерілуі тиіс азаматтар санаты анық белгіленеді. Мысалы, 50 жастан асқан ер адамдарға ми қанайналымы бұзылу қаупіне арналған жаңа скрининг енгізілді.
Сондай-ақ 2025 жылдың екінші жартысында онкологиялық ауруларға қатысты тексерулер кезең-кезеңімен мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек (ГОБМП) шеңберіне көшіріледі. Бұл жаңашылдық барлық азаматтар үшін – әлеуметтік мәртебесіне қарамастан – бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі / Дмитрий Чжан


