ШҚО-дағы бес колледжде тоғыз жаңа мамандық ашылады
Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы бес колледжде тоғыз жаңа мамандық ашылмақ. Бұл – жай ғана оқу бағдарламаларын жаңарту емес, нақты экономиканың сұраныстарына сай кадр даярлаудың мақсатты жұмысы. Жаңашыл бағыттарға жаңартылатын энергетика, ұшқышсыз авиация, зоотехния және су көлігі секілді салалар кіреді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста жұмысшы мамандықтарға деген жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Бүгінде колледждер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, еңбек нарығының сұраныстарына сай оқу бағдарламалары жасалуда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс аясында Өскемен жоғары политехникалық колледжі, ШҚО көпсалалы колледжі, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, құрылыс-техникалық колледжі және көлік пен тіршілік қауіпсіздігі колледжі қамтылған.
Аталған білім беру ұйымдары лицензияларын алып, талапкерлер қабылдауды бастап кетті. Оқу жоспарлары жұмыс берушілермен бірлесе әзірленіп, «Talap» ұлттық операторына енгізілді. Облыстық бюджеттен жаңа мамандықтарды ашуға 149,15 млн теңге, ал колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қосымша 234,75 млн теңге бөлінді. Жаңа пәндерді оқытуға аудиториялар жабдықталуда, тәжірибеден өтетін базалар белгіленген.
Өскемен жоғары политехникалық колледжі «Жаңартылатын энергетика» және «Қашықтан басқарылатын ұшу жүйесі» атты екі озық мамандықты ашты. Түлектер баламалы энергия көздері мен дрондар саласында оператор ретінде жұмыс істей алады. Бұл – болашақ экономикасының негізін қалайтын бағыттар.
Колледжде бұған дейін-ақ ІТ, мехатроника және мобильді робот техникасы бағытында заманауи зертханалар мен құзырет орталықтары құрылған. 9 және 11-сынып базасында, екі тілде оқыту форматтары енгізілген. Тәжірибе өңірдегі ірі кәсіпорындарда өтеді, ал түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталып отыр.
Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде биыл алғаш рет «Су көлігін пайдалану» мамандығы бойынша оқыту басталады. Бұл – өңірдің өзекті қажеттілігіне жауап. Жаңа мамандық түлектері теңізші, машинист қызметтерін атқара алады.
Оқу үшін арнайы сынып жабдықталып, өзен көлігін басқару дағдыларын меңгеруге арналған цифрлық тренажер орнатылған. Ол 360 градус көрініс беріп, түрлі жағдайларды модельдеу арқылы қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
1978 жылдан бері осы колледж энергетика, металл өңдеу, құрылыс және қызмет көрсету бағытында жұмысшы мамандар даярлап келеді. Бүгінде студенттердің жартысынан астамы қазақ тілінде оқиды. Жаңа мамандық колледждің өңір экономикасымен байланысын одан әрі нығайтпақ.
Өскемен технология және сервис колледжі де жаңа жабдықтармен қамтылып, токарьлық іс, жиһаз өндірісі, бағдарламалау, тігін өндірісі, киім үлгілеу және шаштараз өнері секілді бағыттарда оқыту сапасын арттырып жатыр. Бұл колледж – инклюзивті бағдарламалар жүзеге асатын, ерекше қажеттіліктері бар студенттерді оқытатын санаулы оқу орындарының бірі. Сондай-ақ WorldSkills чемпионатына қатысып, NEET санатындағы жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтуда.
ШҚО көпсалалы колледжі ауыл шаруашылығы мен көлік саласына маман даярлауда маңызды орынға ие. Биыл мұнда «Әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету», «Зоотехния» және «Әуе тасымалын ұйымдастыру» сынды үш жаңа мамандық ашылады. Бұл – инфрақұрылым мен педагогикалық құрамға үлкен жауапкершілік жүктейтін бағыт.
Колледж бұл міндетке кешенді түрде кірісіп, жатақхана мен оқу корпусының жөндеу жұмыстарын бастап, тәжірибе базаларын жасақтауда.
Шығыс Қазақстанда жұмысшы мамандықтары «екінші таңдау» емес, тұрақты жұмыс пен айқын болашақтың кепілі ретінде қарастырылады. Бұл – Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының және өңірдегі кадр даярлау жүйесінің стратегиялық мәні. Бүгінгі жасалған қадамдар – тек жоспар емес, нақты іске айналған өзгерістер. Колледждер заманауи хабтарға айналып, өңірді болашаққа бастамақ.
Дамир Омаров
Фото: Александр Шушеньков
Видео: Евгений Щетников















