KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, З
502.57 591.68 6.42

ШҚО-да найзағай, бұршақ, қатты жел мен аптап ыстық күтіледі

28.07.2025, 08:00 323 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанда 28 шілде күні ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Синоптиктердің болжауынша, түнде облыстың батысы мен солтүстігінде найзағай ойнап, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында найзағаймен қатар бұршақ жаууы мүмкін. Сонымен қатар, қатты жел соғады – түнде батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарда, ал күндіз солтүстік, шығыс және оңтүстік бөліктерде желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі ықтимал.

— «Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батыс бағытқа ауысады. Облыс бойынша 35 градусқа дейін, ал оңтүстікте 38 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Өрт қаупі жоғары, ал облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады», — делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Өскемен қаласында да түнде және таңертең найзағай ойнайды. Жел бағытын өзгертіп, екпіні 15-18 м/с-қа дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілмек. Қала аумағында да жоғары өрт қаупі сақталады.

Төтенше жағдайлар департаменті мен синоптиктер тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:

Найзағай кезінде үйде болған жөн. Терезе, есік, түтіндіктерді жауып, барлық электр құрылғыларын тоқ көзінен ажыратып, пайдаланбау ұсынылады;
Металл қоршаулар мен электр өткізгіш заттардан алшақ болыңыз;
Күшті жел кезінде сымдарға, тербеліп тұрған заттарға, ағаштарға және аялдама маңына жақындамаңыз;
Аптап ыстық сағаттарында (сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін) көше мен ашық күн астында ұзақ болмауға, физикалық белсенділікті шектеуге кеңес беріледі;
Су жағасында тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалыңыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, мас күйде суға түспеңіз;
Үйлер мен саяжай учаскелерінің маңында от жағуға, құрғақ шөп пен қамысты өртеуге болмайды. От сөндіруге арналған құралдар дайын болуы тиіс. Машинадан темекі шоғын, шыны бөтелке қалдығын тастамаңыз.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда бірден «112» нөміріне хабарласу қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу