Мыза көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өткелдер пайда болды - Өскемен
Өскемен қаласының Мызы көшесінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа бағдаршам нысаны іске қосылды. Бұл өзгерістер қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен қолайлы жүріп-тұруы үшін маңызды қадамдардың бірі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бағдаршам орнату жұмыстары Өскемен қаласы прокуратурасының сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар шеңберінде атқарылды. Атап айтқанда, прокуратура «Tala» ЖШС инвестициясымен іске асырылып жатқан көтерме-бөлшек сауда нарығын жаңғырту және екі сауда орталығын салу жобасына құқықтық қолдау көрсетіп отыр. Жалпы инвестиция көлемі – 612 миллион теңге.
Жоба аясында прокуратура жергілікті атқарушы органдар және коммуналдық қызметтермен бірлесіп, нарық маңындағы жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылдады. Бұған дейін бұл аумақта жаяу жүргіншілер өткелі болмаған, көлік қозғалысы реттелмеген, ал бұл қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп келген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде:
- Қауіпсіз жаяу жүргінші өткелдері орнатылды,
- Көлік кіріп-шығатын жолдар реттелді,
- Жаңа бағдаршам іске қосылды.
Бұл жұмыстар қаланың жол қозғалысын айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қалалық прокуратура Өскемендегі іскерлік белсенділікті арттыруға, жаңа сауда және инфрақұрылым нысандарын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды алдағы уақытта да құқықтық сүйемелдеуді жалғастыратынын хабарлады.
Видео: Өскемен қаласы әкімдігі