Өскеменде жаяу жүргіншілерге арналған екі жолүсті өткелі салынады (видео)
Өскемен қаласында қолданыстағы жаяу жүргіншілер көпірлерін жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде олардың кейбірі ескіріп, зақымданған, жабындары тозған және сырлауды қажет етеді. Осыған байланысты биыл жөндеу жұмыстары басталып, қажетті шаралар қолға алынбақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер қала тұрғындары үшін маңызды, өйткені олар қарқынды көлік қозғалысы бар көшелерден қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, кептелісі көп аудандарда бұл мәселе өзекті болып отыр.
Осыған байланысты қала әкімі Алмат Ақышов Сәтпаев даңғылы мен «Даниель» сауда үйі маңындағы көпірлердің жағдайын тексеріп, алдағы жөндеу жұмыстарының жоспарын талқылады. Қала басшысының айтуынша, жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың, қауіпсіздігі маңызды.
Жөндеу жұмыстары аясында ең көп тозған нысандар жаңартылып, конструкциялар күшейтіліп, ақаулар жойылады. Сонымен қатар көпірлер сырланып, жарықтандырылуы жақсартылып, LED-экрандар орнатылады.
Биыл Есенберлин даңғылында жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталмақ. Бұл аумақта «Жайлы мектеп» ашу жоспарланған, сондықтан оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ дәл осындай жаяу жүргіншілер көпірі «Fresh Market» гастрономы маңында да салынбақ.