«Түнгі қаладағы балалар» жедел рейді жүргізіліп жатыр
Облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында, көшеде жүру фактілерін анықтауға бағытталған жедел профилактикалық іс-шараларын жүргізіп жатыр. ШҚО-да «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні 87 құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Рейдтік тексерістердің алғашқы күні тәртіп сақшылары ішкі істер органдарында есепте тұрған 48 жасөспірімнің тұрғылықты мекенжайын тексерді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, облыстың аумақтық бөлімшелері жүргізген жұмыстар нәтижесінде 87 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Атап айтқанда:
- балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 8 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
- кәмелетке толмағандардың алкогольді ішімдіктер ішуі немесе масаң күйде қоғамдық орындарда жүруі бойынша 2 құқықбұзушылық тіркелді;
- кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін) заңды өкілінсіз жүргені үшін 73 әкімшілік хаттама толтырылды.
Аталған іс-шара облыс аумағында әлі жалғасуда. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік жұмыстар мен профилактикалық әңгімелер жүргізуде.

