ШҚО-да бір донор бес адамға өмір сыйлады
stock.adobe.com
Өткен демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысында ерекше операция жасалды – дәрігерлер 49 жастағы донордан бірден бірнеше ағзаны алып, бес адамның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталық мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Операция донордың туыстарының келісімімен және медицина мамандарының бірлескен, жедел әрекетінің арқасында сәтті өтті. Уақытпен жарысқан бұл жұмысқа өңірлік үйлестірушілер, санитарлық авиация, түрлі клиникалар мен трансплантация орталықтары жұмылдырылды.
Ағзаларды тасымалдау барлық медициналық ережелерге сай, аса мұқият ұйымдастырылды. Нәтижесінде, трансплантацияға шұғыл мұқтаж болған бес науқастың өмірі сақталды.
Құтқарылған адамдардың туыстары мен жақындары ең ауыр сәтте өзгелердің өмірі үшін үлкен шешім қабылдай білген донордың отбасына алғысын білдіруде. Бұл – нағыз адамгершілік пен ерлік.
Қазір Қазақстанда 4 мыңнан астам адам, оның ішінде 121 бала трансплантация кезегінде тұр. Әрбір азамат EGov.kz порталы арқылы донор болуға келісім беріп немесе бас тарту құқығын пайдалана алады. Бұл – біреудің өміріне үміт сыйлауыңыз мүмкін деген сөз.