KZ
Өскемен
-1°
снег жел 4 м/с, ОБ
499.65 582.89 6.47

Жеңістің 80 жылдығына орай марафон ШҚО-да жалғасты

8.08.2025, 13:45 227 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстанда патриоттық тәрбиенің жарқын үлгісіне айналған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны салтанатты түрде жалғасын тапты. Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шара облыс орталығындағы «Халық қаһарманы», Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш аллеясында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Атырау облысынан бастау алған марафонды Жетісу облысы жалғап, ардагерлер өсиеті салынған капсуланы Шығыс Қазақстан облысына салтанатты түрде табыстады.

Облыс тұрғындары делегацияны зор құрметпен қарсы алды. Жеңіс рухына тағзым еткен жастар, ардагерлер мен қоғам белсенділері майдангерлерге ілтипат білдіріп, олардың ерлігін дәріптеді.

— Эстафетаның мақсаты – соғысты өз көзімен көрген, тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің жазып кеткен өсиетін жастарға таныстыру, патриоттық сезімді ояту, — деді Жетісу облысы жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арнай Байжұрынов. — Бұл марафон — тек шара емес, тарихи жадыны жаңғыртатын, ұлт рухын көтеретін аманат.

«Ардагер өсиеті» эстафетасын ШҚО Ішкі саясат басқармасының жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков қабылдап алды.

— Бұл – отансүйгіштікке, ел бірлігіне, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған игі бастама. Ардагерлердің тілегін бойына сіңірген ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін тереңірек түсінеді, — деді ол.

Шара аясында жастар ардагерлермен кездесіп, майдан мен тылдағы ерен ерліктерді тыңдады. Фотоестеліктер мен жазбалар Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Батырларға тағзым» атты арнайы платформасына жүктеледі. Эстафета соңында патриоттық хаттар салынған капсула Ұлттық музейге табысталмақ.

— Біз Жетісу облысынан қабылдап алған аманатты Ұлы Абай еліне зор жауапкершілікпен жеткіземіз. Жастар бұл бастамадан үлкен тағылым алады деп сенемін. Патриоттық тәрбие тек сөзбен емес, нақты іспен жүзеге асуы керек. Бұл акция — соның айғағы, — деп қосты бөлім басшысы.

Мамыр айында басталған марафон қазан айында қорытындыланады. Қазіргі таңда эстафета еліміздің бірқатар өңірін қамтыды. Барлық жиналған жазбалар мен фотоматериалдар тарихтың бір бөлшегіне айналып, келешек ұрпақ үшін сақталмақ.

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу