KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 1 м/с, С
530.12 546.08 5.17

Тарихқа тағзым: Өскеменде патриоттық шаралар басталды

Бүгін, 15:00 58 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан Халық партиясының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар топтамасының салтанатты ашылу рәсімін өткізді, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

Ауқымды шараға Өскемен қаласының соғыс және тың ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері мен қоғам белсенділері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты.  

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, сондай-ақ тарихымызды бұрмалау әрекеттерінің алдын алу үшін сұрапыл соғыс жылдарының шынайы оқиғаларын болашақ ұрпаққа жеткізу.  

Салтанатты жиын барысында Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Анжела Горностаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Олег Фролов, ЖМК ардагерлер кеңесінің басшысы Әлібек Нұрмұхамедов, қалалық ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Сайлаухан Аухадиев және басқа да ел ақсақалдары сөз сөйледі. Олар соғыстың халқымызға тигізген ауыр зардаптары, сондай-ақ тылдағы қажырлы еңбек туралы естеліктерімен бөлісті.  

– Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тек мереке ретінде атап өтумен шектелмеуіміз қажет. Соғыс даласында жанын қиған, тылда күндіз-түні еңбек еткен ата-апаларымыздың ерлігін болашақ ұрпаққа мақтанышпен жеткізуіміз керек. Олардың қайсарлығы мен батырлығын дәріптеу – біздің парызымыз, – деді Қазақстан Халық партиясының мүшесі Анжела Горностаева.  

Бұл бастама жыл бойы түрлі іс-шаралармен жалғасатыны айтылды. Бүгінгі күннен бастап елдің әр өңірінде осындай шаралардың ашылу салтанаты өтуде.  Іс-шаралар аясында пікірталастар, тарихи экскурсиялар ұйымдастырылып, жастар өздерінің соғысқа қатысқан немесе тылда еңбек еткен ата-бабаларының өмірбаяны туралы баяндамалар жасайды.  

Жиын барысында жас өнерпаздар Леонид Острокостов, Ольга Рышкова және бес жасар Адина Әсетқызы өз өнерлерін көрсетті. Олардың өнеріне қатысушылар ризашылықпен қошемет білдірді.  Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, шарадан жылы әсермен тарқасты.  

Серік Құсанбаев
Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу