ШҚО-да 9 млрд теңгеден астам сомаға электр энергиясын заңсыз сату фактісі анықталды
depositphotos.com
Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша департаменті ҰҚКД-мен бірлесіп майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын заңсыз сату дерегін әшкереледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Заң бойынша мұндай кәсіпорындарға энергия тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде сатылуы тиіс. Алайда бірнеше энергиямен жабдықтаушы компания екі жыл бойы халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық кәсіпорындарға арналған электр қуатын майнингке заңсыз беріп келген.
Заңсыз берілген энергия көлемі 50 мегаватт-сағаттан асқан. Бұл – 50–70 мың халқы бар қаланың жылдық тұтынуына тең.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен түскен табысқа ұйымдастырушы Нұр-Сұлтаннан екі пәтер және төрт автокөлік сатып алған. Олар сот санкциясымен бұғатталды.
Тергеп-тексеру жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.