KZ
Өскемен
-22°
переменная облачность Штиль
514.74 599.36 6.71

Стратегиялық әріптестік және өңірлік даму: ШҚО мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық жобалары талқыланды

12.08.2025, 14:50 600 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел Дәуренұлымен кездесті. Жиында екіжақты ынтымақтастықты дамыту, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлім Дәуренұлы Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл байланыс мемлекет басшылары деңгейінде жоғары қолдау тапқан. Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы мен интернет байланысының дамуы, «Қазақтелеком» және «Әзертелеком» компанияларының әріптестігі киберқауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылым әлеуетін арттыруда. Сондай-ақ, Әзербайжан арқылы жасыл энергия, мұнай және уран экспорттау, Каспий теңізі арқылы тартылатын энергокабель арқылы Еуропаға энергия жеткізу жоспарлары жүзеге асырылып жатыр.

– Былтыр Орталық Азиядан Әзербайжанға барған туристердің жартысы Қазақстаннан болса, биыл бұл көрсеткіш 60–70 пайызға жетті. Шығыс Қазақстанның Катонқарағай, Алтай қалалары мен Үлкен Нарын ауданына барып, туризмді дамыту жобаларын талқылау маңызды екеніне көз жеткіздік, – деді Әлім Дәуренұлы.

Қазақстан экономикасы Әзербайжанға бидай жеткізудің негізгі тасымалдаушысына айналды. Соңғы уақытта бидай экспорты 85%-ға дейін өсті.

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанның жылына 900 мың тонна май өнімін қайта өңдеу әлеуеті бар екенін, сондай-ақ бал мен балық экспортын дамытуға дайын екенін айтты. Өңірдегі су қорының 40 пайызы есепке алынып, 92 шағын ГЭС салу жобасы ұсынылды.

-Туризм саласында Марқакөл көлінің тұмса табиғаты әзірбайжандық туристерді қызықтырары сөзсіз. Ұзындығы 38 шақырым, ені 12 шақырым Көлге Қытай тарапынан қызығушылық жоғары. Марқакөлден шекараға дейінгі арақашықтық 85 шақырым. Екі ел басшылары Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай азаматтарының еркін туристік қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін де талқылап жатыр, - Нұрымбет Сақтағанов. 

Кездесуде май өнімдерін өндіруді арттыру, бал мен балық экспортын дамыту, шағын электр станцияларын салу сияқты жобалар талқыланды. Бұл бастамалар Шығыс Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға жол ашады.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу