KZ
Өскемен
-22°
переменная облачность Штиль
514.74 599.36 6.71

Глубокое ауданында 80 оқушыға рюкзак пен оқу құралдары сыйға тартылды

15.08.2025, 15:10 255 Жанаргүл Көкенайқызы

Жаңа оқу жылының қарсаңы – балалар үшін ерекше толқынысқа толы кезең. Ал биыл Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі 80 оқушыға бұл қуаныш тіпті еселене түсті. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілердің қолдауымен жаңа рюкзак пен оқу құралдары табыс етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл жолғы «Мектепке жол» акциясы кездейсоқ жерде емес – "Келешек мектептері" жобасы аясында жаңадан бой көтерген заманауи мектептің жарық та кең залында өтті. Балақайлар ата-аналарымен бірге келіп, мерекелік концертті тамашалады, түрлі ойындарға қатысты. Жаңа сөмке, дәптер, қалам алған әрбір баланың жүзінде – қуаныш, ал ата-аналардың жанарында – ризашылық лебі сезілді.

Шараға қатысқан Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов, кәсіпкерлер мен демеушілер бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, оқуда озат, елге пайдалы азамат болып өсуге тілек білдірді.

— Былтырдан бері біздің ұйым «Мектепке жол» акциясы аясында Белоусовкадағы балаларға көмектесіп келеді. Биыл да демеушілердің қолдауымен 650 мың теңге қаржы жинадық. Соның арқасында әр балаға оқу жылы бойы керек болатын құрал-жабдықтар салынған сапалы рюкзак сыйладық. Барлық кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге алғыс айтамыз, — дейді «PRO WOMAN» әйелдер қауымдастығының өкілі Гүлжан Абикенова.

Белоусовка кентінің тұрғыны, көпбалалы ана Алма Бюрекбаева бұл қайырымдылық акциясының жыл сайын өтіп тұратынын айта келе, биылғы шараның ерекше болғанын жеткізді.

Ән мен күйге толы мереке жаңадан салынған мектепте өтті. Бұл – балалар үшін екі есе қуаныш: әрі жаңа мектептің есігін ашу, әрі жаңа оқу жылына толық дайын болып бару,- дейді көпбалалы ана.

Сегіз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Елена Федорованың бес бірдей баласы биыл мектепке барады. Әдеттегідей бұл отбасы да кент және аудан әкімдігі, ардагерлер ұйымы тарапынан қолдау алды.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» республикалық акциясы өтеді. Оған кез келген ниетті азамат, кәсіпкер немесе ұйым қатысып, балалардың жаңа оқу жылына дайындығына үлес қоса алады.

Фото: Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу