Экотуризмге басымдық беріліп отыр - Глубокое
depositphotos.com
Глубокое ауданында экотуризмді дамыту ісі өркендеп, жаңа туристік нысандар бой көтеріп жатыр. Жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлердің бастамалары арқасында өлке тартымды туристік орталыққа айналуға бет алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Глубокое – Шығыс Қазақстандағы көрікті табиғатымен, тау-тасымен, өзен-көлдерімен ерекшеленетін өңір. Соңғы жылдары мұнда туристер саны артып, инфрақұрылым да соған сай дамып келеді. Аудан әкімі Эльдар Тумашинов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдегендей, қазіргі кезде ауданда 19 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде «Зимовье» демалыс үйі экотуризмге бағытталған бірегей жоба болса, «Нұртау» және «Алтай Альпісі» тау шаңғысы базалары белсенді демалысты сүйетіндер үшін қолайлы орынға айналған.
Экологиялық туризм – тек табиғат аясында тынығу емес, ол сонымен қатар жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, мәдениетін сіңіруге мүмкіндік береді. Осы орайда Таулы Үлбі ауылындағы бастама ерекше назар аудартады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылдың соңында «Дары Природы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жылқы базасын абаттандыру және жабдықтау жобасы үшін несие алды. Бұл жоба арқылы аймақтағы белсенді демалыс түрлері дамып, туристік әлеует артады деген үміт бар.
Сонымен қатар бүгінгі таңда аудан аумағында туристерге барынша қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар жаңа нысан салынып жатыр. Мәселен, «The Forest» мейрамханасының аумағында SPA-орталық, қонақ үй, бірнеше коттедж, жабық бассейн және фаст-фуд
пунктінің құрылысы белсенді жүргізілуде. Бұл – тек демалыс орнын емес, нағыз кешенді туристік орталықты қалыптастыруға бағытталған қадам.
Туристік бағыттардағы санитарлық-гигиеналық жағдайда ұмыт қалмаған. Мәселен, Зимовье ауылының маңында, «Ульяна» кафесінің қасында арнайы санитарлық-гигиеналық аймақ орнату жоспарланған. Бұл – туристер үшін қолайлы орта қалыптастырудың маңызды бөлігі.
Бүгінде Глубокое ауданы табиғи байлығымен және туризмді дамытуға деген бірегей мүмкіндіктерімен ерекшеленіп отыр. Жергілікті билік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен кәсіпкерлердің белсенділігі нәтижесінде экотуризм тек демалыстың бір түріне емес, экономиканы әртараптандырудың тиімді жолына айналуда. Алдағы уақытта Глубокое ауданының атауы бүкіл ел аумағына танымал туристік аймақ ретінде таныларына сенім мол.