Глубокое ауданы: Туризмнің түрлі саласын дамытады
Төр Алтайдың бір інжу-маржаны – Глубокое ауданы. Сулы да нулы, табиғаты тұмаса өлкені түрлендіре түсетін бір тетік болса, ол – туризм. Тіпті мұнда туризмнің түрлі саласын дамытуға болады.
Таулы Үлбі ауылында орналасқан «Изумрудный» шипажайы – нағыз емдеу-сауықтыру туризмінің ошағы. «Алтай альпісі» мен «Нұртау» шаңғы кешендері, «Конный двор на 22 км», «Слияние» және «Тур Драйв» демалыс базалары да кез-келген саяхатшыны таңғалдыра алады.
Ауданда эко-туризм мен отбасылық туризм бағытына да басымдық берілгенін «Зимовье», «Царское село», «Вавилон», «Ulbashalash», «Заречье», «Зиновьевка» және «Богачи» секілді демалыс үйлерінің жұмысынан көруге болады.
Тау шаңғысы базалары белсенді демалыс үшін таптырмас орын екені белгілі. Сондықтан бүгінде Глубокое ауданында Таулы Үлбі - Алтай Альпісі туристік бағытын дамытудың тұжырымдамасы әзірленген.
Алдағы уақытта ауданда жаңа қонақ үйлер, SPA-орталық және өзге де нысандар салынып, демалыс базалары кеңейтіліп, сала одан сайын өркендей түспек. Велосипедтерді жалға беретін сауда орындарын ұйымдастыру жағы да қарастырылады. Таулы Үлбі ауылында кемпинг аймағы мен тамақтану орны бар нысан ашу ойластырылып жатыр. Ал «The Forest» мейрамханасы маңында SPA-орталық, қонақ үй, жабық бассейн және футбол алаңы ашылады деп жоспарланған.