KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
509.63 592.34 6.54

Ауылдан басталған жаһандық өзгеріс: Катонқарағай тәжірибесі

19.08.2025, 16:30 910 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан соңғы жылдары үлкен өзгерістерге бет алды. «Тұрақты даму» деген ұғым тек қағаз бетінде немесе кабинет ішінде емес, ауыл-аймаққа да жетіп отыр. Бұрын көбіне табиғи ресурстарымен ғана белгілі болған еліміз енді жаңа жолға түсті. Бұл жолда бизнес, қоғам және мемлекет бірге қадам басып, Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық мақсаттарын жүзеге асыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жақында Нью-Йоркте Қазақстан өзінің Үшінші Ерікті ұлттық шолуын таныстырды. Бұл құжатқа Катонқарағай ауданындағы кәсіпкерлердің еңбегі де енгізілді. Ақпаратты Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры таратты. Бұл – шалғайдағы ауданның ісі халықаралық деңгейде мойындалды деген сөз.

Тұрақты даму – ұлттық жоспардың өзегінде

2022 жылдан бастап Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына және 2060 жылға дейінгі көміртексіздендіру стратегиясына енгізілді. 2023 жылы Мәжілісте ТДМ-ды бақылауға арналған арнайы комиссия құрылды.
Қазақстан тек БҰҰ-ның бес негізгі мақсатын ғана емес, халықтың пікірін ескере отырып тағы үш басымдық қосты. Бұл – реформалардың халық тұрмысына тікелей әсер ететінін көрсетеді.

Шағын бизнес – үлкен қозғаушы күш

Экономикадағы басты тірек қазір шағын және орта бизнес. Егер 2018 жылы оның үлесі ішкі жалпы өнімнің 28%-ын құраса, қазір 40%-ға жетті. Бұл – үлкен серпіліс.
Сонымен қатар, соңғы үш жылда БҰҰ-ның UN Global Compact ұйымына мүше қазақстандық компаниялар саны 8-ден 88-ге өсті. Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданған соң, мұндай кәсіпорындар саны 130-дан 800-ден асып кетті.

Aitas Holding – ауылдан шыққан үлгі

Үшінші ұлттық шолуда ерекше аталған компания – Aitas Holding. Оны БҰҰ «ауылдық жерлерде тұрақты дамуды жүзеге асырудың бастамашысы» деп бағалады.
Компанияның әлеуметтік бағытын Aitas Foundation қоры атқарады. Ол үш ірі жобаны біріктіріп отыр:
Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры – ауыл экономикасы, экологиясы және әлеуметтік саласын қолдайды;
Білім беруді тұрақты дамыту қоры – қала мен ауыл мектебі арасындағы айырмашылықты азайтады;
Connected Space халықаралық конференциясы – мәдениет, білім және технологияны біріктірген пікір алаңы.

Халық үшін ең маңыздысы – денсаулық. Бұрын ауыл тұрғындары қарапайым талдау тапсыру үшін қалаға баруға мәжбүр болса, қазір жағдай өзгеруде.
2021–2023 жылдары Aitas Foundation ауыл кәсіпкерлеріне 1,5–3 млн теңге көлемінде грант беріп, биоматериал қабылдау пункттерін ашуға мүмкіндік берді. КДЛ Olymp пен INVIVO компаниялары оқыту жүргізіп, шығындарды азайтты.
Нәтижесінде 9 облыста 20 пункт іске қосылды. Қазір ауыл тұрғындары бірнеше сағатта онлайн нәтижесін алып отыр. Бұл жоба 40-тан астам ауыл медбикесі мен лаборантқа жұмыс берді.

Білім – болашаққа салынған инвестиция

Aitas Foundation білім саласында да ауқымды жобаларға кірісті. Қор жеке инвестиция есебінен 50 млрд теңге тартып, ұлттық тірек мектептер желісін құрды.
Бес жылда 17 өңірдегі 190 ауыл мектебі жаңартылды. Бұл жұмысқа 170 мың оқушы мен 17 мың мұғалім қатысты. Мектептер жаңа құрал-жабдықпен қамтылды, мұғалімдер білімін жетілдірді, оқушылар заманауи әдіспен оқи бастады.

Катонқарағай – туризмнің нағыз орталығы. Халықаралық WWF ұйымы оны әлемнің 200 экологиялық маңызды аймағының қатарына енгізді.
2019 жылдан бері жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен ауданда тұрақты даму қоры құрылып, 987 млн теңгеге 100-ден астам жоба жүзеге асты. Оның ішінде ауыл үйлерін қонақүйге бейімдеу, қонақжайлық мектебі сияқты бастамалар бар.
Бүгінде аудан бойынша 65 жатын орын ашылды. Мысалы, Берель ауылындағы бір отбасы бір ғана туристік маусымда 1 млн теңгеден астам табыс тапты.
Бұл тәжірибе халықаралық деңгейде де бағаланды. 2024 жылы Берлинде өткен Green Destinations Top100 Story Awards байқауында Катонқарағай үшінші орынды иеленді. Сарапшылар бұл үлгі басқа өңірлерге де таралуы мүмкін екенін айтты.

Соңғы алты жылда Aitas Foundation және жергілікті кәсіпкерлер жүздеген жоба іске асырып, мыңдаған адамға пайдасын тигізді. Бүгінгі нәтиже – мемлекет, бизнес пен қоғам бірігіп жұмыс істегенде ауыл өмірі де жаңарып, ел экономикасы да ілгерілейтінін дәлелдеп отыр.
Катонқарағайдың кәсіпкерлері қазірдің өзінде Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болып отыр.

Елизавета Седых

Фото: Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу