Өскеменде ШҚО-дағы ең ірі «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы ашылды
Бүгін Өскемен қаласында ШҚО-дағы ең үлкен «Алтай» көтерме және бөлшек сауда орталығы ашылды. Жаңа орталық облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясы аясында құрылып отыр. Жаңа нысан фермерлер мен қала тұрғындары, жергілікті брендтер мен ірі өндірушілер, жаңа өнімдер мен заманауи жайлылық технологиялары тоғысатын инновациялық платформаға айналмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Орталық өңірдің басты азық-түлік хабы ретінде ойластырылған. Мұнда тек сауда емес, «егістіктен – сөреге дейін» қағидаты бойынша құрылған агробизнес пен ритейлдің тұтас экожүйесі ұсынылады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов орталықтың ашылу салтанатына қатысып, оның жаңа білім маусымымен бірге халық игілігіне ашылып отырғанын жақсылықтың нышаны ретінде бағалады.
Жаңа сауда орталығының аумағы 28,5 мың шаршы метрді алып отыр. Мұнда жыл бойы жұмыс істеуге дайын көкөніс сақтау қоймасы бар. Көкөністер мен жемістер сататын саудагерлерге 33 орын ұсынылған. Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен кәсіпкерлер келіп ісін дөңгелетуге дайын. Жоба жетекшісі Александр Рассказов халық ыңғайына қажетті жұмыстарды атқаруда жергілікті әкімдікпен етене жұмыс істегендерін баяндайды.
Орталық аумағында ет сапасын, қауіпсіздігін қадағалау үшін арнайы және жеке лаборатория ашылған. Жаңа технологиялармен қамтылған зертхана мамандары сүт, ет, жұмыртқа, балық сапасын жіті бақылауында ұстайтын болады. Айта кету керек, аумағы кең орталық алаңында облыстың 12 ауданына жеке-жеке павильондар да ашылған.
Фото: Александр Шушеньков











