KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
509.94 593.88 6.43

Өскеменде ерекше балаларға арналған алғашқы мектеп ашылды

3.09.2025, 14:30 395 Айдос Мырзахметов

Өскемен қаласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған алғашқы мектеп өз жұмысын бастады. Жаңа білім ошағының ашылу салтанатына кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар өкілдері және оқушылардың ата-аналары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Бастау» мектебі бүгінде 85 оқушыны қабылдап отыр. Балалардың басым бөлігінде аутизм, эмоционалды даму ерекшеліктері мен сал ауруы (ДЦП) бар. 

– Биыл мектепте 7 сынып ашылды: олардың алтауы – аутизмі бар балаларға, біреуі – қозғалысы шектеулі балаларға арналған, яғни сал ауруына шалдыққан балаларға. Бүгінгі таңда оқушылардың жасы 7 мен 12 жас аралығында. Алдағы уақытта балалар мектепте кәмелеттік жасқа дейін оқып, куәлік немесе аттестат алатын болады, – дейді мектеп директоры Лилия Мамбурова.

Мектепте толық күндік оқу жүйесі қарастырылған. Балалар таңғы сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін мектеп қабырғасында болады. Күн бойы олар үшін психологтар, дефектологтар, логопедтер және емдік дене шынықтыру мамандарының қатысуымен түзету және дамыту сабақтары жүргізіледі. Бұл ата-аналарға еңбек етуге мүмкіндік беріп, отбасының әлеуметтік және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

–Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мектеп жанынан түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Оның ішінде шығармашылық бағыттағы үйірмелер мен би топтары бар. Әсіресе, «Чудики» би тобы балаларды заманауи және ұлттық билерге үйретеді. Барлық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін жүргізіледі. Үйірмелер балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың әлеуметке бейімделуіне де үлкен үлес қосады, – дейді Лилия Юрьевна.

Бұдан бөлек, «балалық шақтан мүгедектік» статусы бар балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл бағытта тәжірибелі коррекциялық педагогтар қызмет атқарады.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу