KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Өскемендегі жаңа ЖЭО «таза көмір» технологиясымен салынатын болады

Фото: depositphotos.com

10.09.2025, 13:15 196 Әбішев Ержан

Өскемендегі жаңа жылу электр орталығын «таза көмір» технологиясы негізінде салу жоспарланып отыр. Жоба экологияға әсерді азайтуға және тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның көмір энергетикасын жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы көмір қорының молдығын ескере отырып, көмір энергетикасын заманауи әрі экологиялық технологияларды пайдалану арқылы дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен еді.

Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осы міндетті жүзеге асыру жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, жаһандық декарбонизация үрдісі мен ұлттық көміртек ізін азайту бағытына сәйкес Қазақстан «таза көмір» технологияларын енгізуге басымдық беріп отыр.
Қазіргі кезде елдегі расталған энергетикалық көмір қоры – 33,6 млрд тонна. Мұндай жағдайда жақын болашақта көмір генерациясынан толық бас тарту экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Сондықтан экологиялық қауіпсіздікті заманауи технологияларды енгізу арқылы қамтамасыз ету тәсілі қолданылмақ.

– Осыған байланысты жаңа көмір стансаларын салу және қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстары экологиялық талаптарға сай, қоршаған ортаға минималды әсер ететін «таза көмір» технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Мұндай жобаларға Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын ЖЭО-лар, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұздағы ірі электр стансалары мысал бола алады, – деді Ерлан Ақккенженов.

Жаңа шешімдерді, әсіресе «таза көмір» технологияларын қолдану экологиялық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді, табиғатқа түсетін жүктемені азайтады және көмір генерациясының тиімділігін арттырады. Сонымен бірге халық пен өндіріс үшін электр энергиясының қолжетімділігін сақтап қалмақ.

Өскемен үшін бұл тек энергетикалық тәуелсіздіктің артуы емес, сонымен қатар қаланың негізгі өнеркәсіптік қуаттарын технологиялық жаңғырту мүмкіндігі болмақ. Экология мәселесі өңір үшін әрқашан маңызды болғандықтан, жаңа буын ЖЭО-ның іске қосылуы өнеркәсіп дамуы мен қоршаған ортаны қорғауды қатар алып жүруге болатынын көрсетуі мүмкін.
Өскемен мен өзге де қалаларда мұндай нысандардың салынуы Қазақстанның жаңа энергетикалық картасын қалыптастырудағы үлкен қадамға айналуы ықтимал. 

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу