KZ
Өскемен
-23°
туман жел 1 м/с, С
503.17 600.89 6.63

Шығыс Қазақстанда 2027 жылға дейін жасанды интеллектіні дамытуға арналған жол картасы жасалады

10.09.2025, 19:10 397 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында цифрлық трансформацияны дамытудың негізгі бағыттары айқындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы басты тақырыптардың бірі – цифрлық технологияларды жедел дамыту және тұрақты цифрлық экономиканы қалыптастыру.

– Президентіміздің сөзінше, жасанды интеллект дәуірінде Қазақстан уақытпен қатар жүріп қана қоймай, жаһандық технологиялық үдерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Бұл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап, білім, медицина, мемлекеттік басқаруға дейін барлық салада ауқымды цифрлық өзгерістерді білдіреді, – деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, бұл бағытта кәсіпкерлерге, ІТ-сала өкілдеріне және өңірлік бастамаларға ерекше рөл жүктелмек.

«Rating» компаниясының директоры Дмитрий Левитанус Президент қойған міндеттерді атап өтті. Оның ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Цифрлық кодекс қабылдау, цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру және цифрлық теңгені кеңінен енгізу бар.

Өңірде мемлекеттік басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Солардың қатарында:

  • Жылу көздерін бақылау – ІІ агент қазандықтар мен жылу электр орталықтарының жұмысын талдап, апат қаупін алдын ала ескертеді;
  • Сел мен су тасқынын болжау – жүйе «Қазгидромет» деректері мен IoT-датчиктерін пайдаланып, нақты болжам жасап, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді;
  • Әлеуметтік желілерді бақылау – цифрлық көмекші халықтың өтініштерін тіркеп, олардың мазмұнын саралайды, проблемалық тақырыптарды бөліп көрсетеді;
  • Тапсырмаларды есепке алу – ІІ автоматты түрде жиындарда қойылған міндеттерді тіркеп, орындалу мерзімін қадағалайды.

Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетіп, адами факторды азайтуға сеп болады.

Жиын барысында Шығыс Қазақстанда ІІ енгізілетін жаңа бағыттар да айтылды. Мәселен, ауыл шаруашылығында жерді спутник арқылы бақылау, өнімділікті болжау, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру көзделген. Білім саласында ІІ мамандарын даярлайтын орталық ашылып, түрлі курстар, факультативтер мен хакатондар ұйымдастырылмақ. Ал «ақылды қала» жүйесінде көлік қозғалысын талдау, жылу және электр желілерін бақылау, тұрғындарға арналған цифрлық қызметтерді енгізу қарастырылып отыр. Туризмде үлкен деректерді талдау арқылы жекелеген бағыттарды ұсыну, туристік ағымды болжау және кері байланыс жинау жоспарланған.

– Біз жоспар туралы ғана емес, нақты мүмкіндіктер туралы айту үшін билік, бизнес, ғылым мен қоғам бірігіп жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана өңіріміз озық цифрлық шешімдердің алаңына айналады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі тиісті басқармаларға қазан айына дейін 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтитын Жасанды интеллектіні дамыту жол картасын әзірлеуді тапсырды. Ал 20 қазанға дейін өңірлік IT-қоғамдастық құрылып, жергілікті бастамаларды дамытуға атсалысатын болады.

Жақын арада салалық басқармалар мен сарапшылар бірлесіп цифрландырудың жол картасын жасайды. Бұл құжат жасанды интеллектіні әр салаға кезең-кезеңімен енгізудің басты құралына айналмақ. Сондай-ақ, IT-қоғамдастық құрылып, өңірдегі мамандарды даярлау мен жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Дамир Омаров 
Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу