Сүбелі сұхбат: Шығыс Қазақстанның даму бағыттары деректі фильмде тарқатылды
depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 24.kz телеарнасына берген сұхбатында өңірдің басты даму тетіктеріне тоқталды. Ол соңғы жылдары Шығыста экономикалық өсімнің жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Ірі көлемдегі инвестициялар мен мемлекеттік қолдау шараларының арқасында инфрақұрылым жаңарып, өндіріс, туризм, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала қатар дамуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Республикалық БАҚ-тың Шығысқа деген қызығушылығы бұрыннан бар. Алайда бүгінде ол одан сайын арта түсті: өңір инвестиция тартып, туризмді дамытып, су ресурстарын үнемдеу саласында алдыңғы қатарлы жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері мен өндірістік материалдар шығаратын кәсіпорындар қарқын алуда. Мұнда ірі өнеркәсіп алыптары мен зауыттар шоғырланған.
Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы да өңірдің серпінді дамып келе жатқанын дәлелдейді: негізгі капиталға тартылған инвестициялар 101,2 пайызға өсіп, 297,1 млрд теңгеге жетті. Қазір облыста жалпы саны 52 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның 11-і биыл қолданысқа берілмек. Жобалардың басым бөлігі өндіріс саласына тиесілі. Бұл да заңды, себебі Шығыс Қазақстан ежелден өндірісті аймақ саналады.
Әкімнің айтуынша, ШҚО еліміздегі су ресурстарының 40 пайызы мен орман қорының 38 пайызы шоғырланған аймақ ретінде зор әлеуетке ие.
Туризм саласы да дамып келеді. Марқакөл, Катонқарағай және Зайсан өңірлерінде туристік инфрақұрылым қалыптасып, жаңа бағыттар ашылуда. Ресей мен Қытайдан туристік делегациялар жиі келіп, халықаралық әріптестік нығаюда.
Сонымен қатар облыста медициналық туризм де өркендеуде: онкология мен хирургия саласындағы жаңа орталықтар ашылып, экотуризммен ұштасқан медициналық қызметтер ұсынылуда.
Білім және спорт саласында да жүйелі қадамдар жасалуда. Жаңа мектептер салынып, оқу бағдарламалары кеңейтілуде, спорттық нысандар ашылып, халықтың өмір сапасы артып келеді.
Өзінің табиғаты, қайталанбас ерекшелікке ие мекендері, орман-тоғайы, таулары мен көлдері арқылы – Қазақстандағы ең орманды әрі ең сулы өңір саналатын Шығыс барған сайын назар аударуда. Республика аймақтарының әріптестері Шығыстың тәжірибесін үйренуге ұмтылса, шетелдік инвесторлар да осы өңірге қаржы салуға қызығушылық білдіруде.