KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Экологияны жақсарту бойынша нақты шешімдер қабылданды – ШҚО 

18.09.2025, 11:00 204 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының өкілдері қатысқан экология мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаев өңірде алдағы уақытта өтетін экологиялық іс-шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, еріктілер мен тұрғындардың қатысуымен ағаш отырғызу акциялары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ табиғат пайдалануға қатысты жүзеге асырылған жұмыстар туралы есеп берді.

Экологиялық қорғау бюросының атқарушы директоры Вадим Кушнарев бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда Өскемен қаласындағы саябақтарға санитарлық-гигиеналық тораптар орнату, халықты экологиялық акциялар мен бастамалар туралы хабардар етуді күшейту.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала әкімдігіне санитарлық тораптарды орнату жұмысын жеделдетуді және экологиялық іс-шаралар туралы ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Цифрландыру басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов қоршаған ортаның жай-күйін бақылауға арналған экодатчиктер сатып алынатынын айтты.
Сондай-ақ жыл соңына дейін өңірде экокөліктер саны артатыны белгілі болды. Бұл өз кезегінде экологиялық ахуалға оң әсерін тигізбек.

– Ірі коммуналдық кәсіпорындарға эмиссияларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге арналған бюджеттік өтінім дайындалсын, қала және аудан әкімдері World Cleanup Day («Дүниежүзілік тазалық күні») акциясын өңір тұрғындарын кеңінен тарта отырып ұйымдастырсын, – деп айтты кеңес қорытындысында Нұрымбет Сақтағанов.

Жиын экологиялық жұмыстың сапасын арттыруға және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты шешімдер қабылдаумен аяқталды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу