KZ
Өскемен
+28°
ясно жел 3 м/с, СБ
512.44 593.15 6.52

ШҚО-да экобілім мен жауапкершілікке негізделген бес жылдық жоспар қабылданды

Фото: ӨКҚ

14.05.2025, 15:30 299 Рағызбаева Ақерке

Шығыс Қазақстанда тұрғындардың экологиялық санасын арттыруға бағытталған 2024–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Құжат облыстық мәслихаттың сессиясында ресми түрде қабылданып, қазіргі уақытта іске асыру кезеңіне көшті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Бес жылдық жоспар ҚР Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұжырымдама негізінде әзірленіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Онда барлығы 44 іс-шара қарастырылған. Негізгі бағыттар – экологиялық білім беру, ақпараттандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасыл технологияларды енгізу.

Нақты шараларға келсек:

Ауа сапасын бақылайтын онлайн жүйелерді дамыту;

Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобаларын кеңейту;

Электромобильдерге жағдай жасау;

Су үнемдеу технологияларын енгізу;

Қалалар мен елді мекендерге экобокстар мен фандоматтар орнату көзделген.

Білім саласында да үлкен қадамдар жоспарланған. Мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арналған экологиялық конкурстар мен форумдар, «Жасыл балабақша» бағдарламасы, педагогтарға арналған біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар мектептерде экологиялық тәрбиеге арналған тұрақты сынып сағаттары өтеді.

Ақпараттық-ағартушылық жұмыс та басты назарда. Экологиялық тақырыпта бейнероликтер, деректі фильмдер түсіріліп, бұқаралық іс-шаралар, сенбіліктер мен халықаралық акциялар өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында – «World Clean-Up Day», «Саябақтар шеруі», волонтерлік қозғалыстар және экологиялық құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру секілді бастамалар бар.

Бес жылдық жоспар қала мен аудан әкімдіктеріне нақты іске асыру үшін жолданды. Барлық іс-шаралар тиісті мерзімдерге сай орындалып, уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болады.

Мақсат – өңірде тұрақты экологиялық даму үшін берік негіз қалыптастырып, тұрғындарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу