Көлік вице-министрі шығысқазақстандық оқушылармен кездесті
Өскемен қаласындағы №50 мектепте көлік саласы мамандарының қатысуымен 9-11 сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Вице-министр өз сөзінде көлік саласы еліміз бен облыста дамып келе жатқанын атап өтті. Мысал ретінде Шығыс Қазақстанда жүзеге асып жатқан ірі жобаларды, соның ішінде Катонқарағай және Зайсан аудандарында салынып жатқан әуежайларды атады.
Сала дамыған сайын кадр тапшылығы да сезілуде. Осыған байланысты Талғат Ластаев жас буынды көлік саласына назар аударып, болашағы бар бұл бағыттағы мамандықтарды таңдауға шақырды.
Вице-министр еңбексүйгіштік пен табандылық танытқан жағдайда салада жоғары жетістікке жетуге болатынын атап өтті.
Кездесу барысында көлік саласының басқа да өкілдері сөз алып, өз мамандықтарының қыр-сырымен бөлісті. Мәселен, «Қазаэронавигация» АҚ Өскемен филиалының диспетчері Қалқаман Ягудин диспетчерлердің жұмысы мен бұл мамандықтың болашағы туралы айтып берді.
Елизавета Седых
Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жәнібек Ырысбай








