Шығыс Қазақстанда сел қаупі маусымы аяқталды
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, өңірде 19 қыркүйектен бастап сел және сырғыма қаупі бар кезең ресми түрде аяқталды. Қазір облыс аумағындағы жағдай тұрақты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, Шығыста сел қаупі негізінен мореналық көлдермен байланысты. Өңірде осындай 144 көл бар: Катонқарағайда – 98, Зайсанда – 16, Риддерде – 30. Сонымен қатар, төрт ауданның 13 өзен бассейнінде сел жүру қаупі бар 13 ошақ тіркелген. Олар 11 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Бұған қоса, облыста 9 сырғыма қаупі бар нүкте бар.
Жаз айларында Катонқарағай мен Риддер аумағындағы мореналық көлдерге геологтармен бірге зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде сел қаупін тудыратын немесе көлдердің бұзылу жағдайлары анықталған жоқ.
15 мамырдан бері аймақта сел қаупін бақылау үшін арнайы штаб жұмыс істеді. Сондай-ақ 9 маусымдық және 1 тұрақты гидропост тәулік бойы бақылау жүргізді. Бұл кезеңде сел де, сырғыма да тіркелмеді.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі









