KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
515.02 604.22 6.5

Қауіпсіз балық аулау: қарапайым ережелер өміріңізді сақтайды

1.11.2025, 17:00 239 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті мәліметі бойынша күзгі маусым басталғалы өңірде балық аулау кезінде екі оқыс оқиға тіркелген. Мұндай жағдайлардың басты себебі – қауіпсіздік талаптарын елемеу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Құтқарушылардың айтуынша, балық аулау кезінде ішімдік ішу, қатты жел соққан уақытта су айдынына шығу, құтқаруға арналған заттарсыз қайықпен жүру және түнгі уақытта балық аулау – адам өміріне төнетін басты қауіптердің бірі. Әсіресе, суда жүзе білмейтін азаматтар үшін қайықпен балық аулау аса қауіпті.

Мамандар балықшыларға келесі қауіпсіздік шараларын ұстануды ескертеді. Ең алдымен, су айдынына шықпас бұрын қайықтың техникалық жағдайын тексеріп алған жөн. Міндетті түрде құтқару жилетін киіп, қайыққа артық жүк салмау керек. Қатты жел мен толқын кезінде қайықты толқын бағытына көлденең қоймау қажет. Сондай-ақ, қараңғы уақытта немесе көру мүмкіндігі төмен жағдайда суға шығуға болмайды. Қажетті құрал-жабдықтар мен өзге де заттарды қайықтың жақтауларына ұқыпты орналастырып, төменгі бөлігіне ауыр зат салмаған дұрыс.

Балық аулауға шыққанда өзіңізбен бірге зарядталған ұялы телефон алып жүріңіз және су айдынына аттанар алдында өзіңіздің орналасқан жеріңізді туыстарыңызға хабарлап қойыңыз.

Егер қайық аударылып, төтенше жағдай туындаса, үрейге берілмей, қайыққа жабысып, аяқпен жұмыс істей отырып, жақын маңдағы құрғақ жерге жетуге тырысыңыз.

Төтенше жағдай орын алған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу