ШҚО-да жедел жәрдем қызметкерлері аттестациядан өтіп жатыр
Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының базасында жедел жәрдем бригадаларында жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшерлердің білімі тексерілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аттестация медициналық персоналдың біліктілігін, шұғыл жағдайларда көрсетілетін догоспитальдық көмектің сапасын бағалауға бағытталған.
Медициналық қызметкерлердің теориялық және практикалық дағдыларын арнайы комиссия бағалайды. Емтихан барысында олар тыныс алу жолдарына бөгде зат тұрып қалуы, балалар жарақаты, жүкті әйелдердің шұғыл жағдайлары, политравма алған пациенттерге көмек көрсету, клиникалық өлім кезінде жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу бойынша әрекеттер алгоритмін көрсетеді.
Аттестация сәуір айының ортасына дейін жалғасып, жедел жәрдем станциялары мен емханалардың 103қызметінде жұмыс істейтін 500-ге жуық маманды қамтиды.
Мұндай тексерулер медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен сенімділігін нығайтып, халыққа уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Фото: ШҚО Денсаулық басқармасы