ШҚО-да пышақ жарақатын алған полицейлер медальмен наградталды
Наурыз мейрамы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев полиция кешенді күштерінің гарнизондық жиында ҚР ішкі істер министрінің атынан келген құттықтау телеграммасын оқып, заңдылық пен құқықтық тәртіп саласында аянбай мінсіз қызмет етіп жүрген жеке құрамға алғысын жеткізді.
Сағат Мадиев салтанатты шара қатысушыларына Полиция департаментінің жеке құрамы алдағы уақытта да облыс азаматтарының құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ете отырып, қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында еңбегімен ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. ШҚО ПД бастығы Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Әбдолдановқа «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарын салтанатты түрде табыс етті.
Еске салсақ, 8 ақпанға қараған түні Өскемен қаласы Полиция басқармасының патрульдік жасағы көпқабатты үйлердің бірінде тыныштықты бұзу туралы шақырту алған болатын. Шықыртуға жедел жеткен полицейлер ішімдік ішіп шулап қатты сөйлеп тұрған екі ер адамды көрген. Полиция қызметкерлері оларға тәртіпті бұзғандарын түсіндіріп, шу шығармауды өтінген. Осы уақытта ер адамның бірі полиция қызметкерінің мойнына пышақ салып, қаша жөнелген. Алған пышақ жарақатына қарамастан, Нұржан Кәкеев қуғынға түсіп, тәртіп бұзушыны қолға түсірген.