ШҚО-да медицина саласы қарқынды даму үстінде - Даниал Ахметов
Пандемияға қарамастан облысымызда денсаулық сақтау саласы қарқынды даму үстінде. Өткен жылы да медицина саласында біраз жұмыстар атқарылған. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов онлайн-есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- 2020 жылы әлемдік деңгейдегі 5 мастер-класс өткізілді, ядролық медицина орталығының, Алтай мен Аягөз инсульт орталықтарының, Ана мен бала орталығы жанындағы оңалту бөлімшесінің дәрігерлері оқытылды, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Ағымдағы жылы да медициналық қызметкерлердің білімін жетілдіру назардан тыс қалмақ емес. Облыс әкімінің айтуынша 2021 жылға да бірқатар жұмыстар жоспарланып отыр.
- Ядролық медицина орталығының базасында 2021 жылдың екінші жартысынан бастап радиойодтерапия жүргізе отырып, радионуклидтік терапия бөлімшесі ашылады.
Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында сапалы босандыруға қолжетімділік және ана мен баланы қорғау жөніндегі бағдарлама іске асырылуда.
- 2021 жылы барлығы 4,1 млрд. теңгеге, оның ішінде 3,3 млрд. теңгеге ана мен балаға медициналық жабдықтар сатып алынады. Облыс орталығында Балалар мен ересектерге арналған мамандандырылған гематология орталығының құрылысы жалғасып, 2022 жылы іске қосылады, - деді шаhар басшысы.