Қыста мұздан табылған бірқазандар шығысты қимай жүр
Желтоқсанда Шүлбі су қоймасында жаралы күйде табылған бірқазандар қазір әбден жазылып көлде өз жемдерін өздері тауып жүр. Бұл туралы музей-қорықтың қызметкерлері айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, екі құс қыста мұз құрсауынан құтқарылған еді. Куә болғандар құтқарушыларды шақырған болатын.
Бүгін сауыққан бірқазандар табиғат аясына жіберілді. Бірақ олар Шығыстың жеріне үйреніп қалса керек, алысқа ұзап кететін түрлері көрінбейді.
– Басында екі құс әлжуаз еді. Тамақ та іше алмаған болатын. Тамақты зорлап бергенбіз. Қазір жағдайлары жақсы. Көлде балық ұстап жеп жүр. Біз оларды әлі де бақылайтын боламыз, – деді Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының баспасөз қызметкері.