Ұлы Жеңіс қаһармандарының рухына тағзым етілді – ШҚО (видео)
9 мамыр – Жеңіс күніне орай Өскемен қаласындағы Мемориалдық кешенде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды еске алу рәсімі өтті. Шараға ардагерлер, жастар, әскери қызметкерлер, қала тұрғындары мен қонақтар қатысып, Отан қорғаған ерлердің рухына тағзым етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Таңертеңгілік іс-шаралар театрландырылған қойылыммен басталды. Сахналық көріністе соғыс жылдарының ауыр да қаһармандық сәттері шынайы бейнеленіп, тарих жаңғыртылды. Кейіннен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ардагерлер, тыл еңбеккерлері, мектеп оқушылары, студенттер, күш құрылымдарының өкілдері, депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер бір сапқа тізіліп, соғыс даласынан оралмаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов соғыс ардагерлеріне алғысын білдіріп, қазіргі ұрпақтың тарихи жадын сақтап, бейбіт өмірдің қадірін түсінуі керектігін атап өтті.
Аймақ басшысы әсіресе жастардың патриоттық шараларға қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы Жеңіске үлкен үлес қосты. Аймақтан мыңдаған азамат майданға аттанып, көпшілігі елге оралмады. Олар келер ұрпақтың бейбіт аспаны үшін өмірлерін құрбан етті. Есімдері ескерткіштерге қашалып, отбасылық тарихтарда сақталып, ұрпақ жадында жаңғырып келеді. Бұл күн – тек еске алу ғана емес, оларға "Жеңіс үшін рақмет!" деп тағы бір мәрте алғыс айту мүмкіндігі.
Мәңгілік алау маңындағы үнсіздік, монумент іргесіндегі қызыл қалампырлар, ардагерлердің көзіндегі жас пен мақтаныш – мұның бәрі бейбітшіліктің бағасы екенін еске салады.
Есте сақтау – жай ғана символ емес. Ол – біздің бірлігіміз бен күшіміздің негізі.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова