KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность жел 2 м/с, З
523.86 544.34 5.11

Металлургтер мерекесі тойланды

30.07.2024, 11:33 191 Анель Слямғазықызы

Металлургтердің кәсіби мерекесі елімізде жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Мерекеге орай Өскемендегі Спорт сарайында отандық эстрада жұлдыздары қатысқан ауқымды концерт ұйымдастырылды. Іс-шара барысында «Казцинк» компаниясы өзінің еңбеккерлеріне ғана құрмет көрсетіп қоймай, батылдығымен көзге түскен жерлестерімізге «Ізгі жүрек» сыйлығын табыс етті.

Мұз айдынының кіреберіс залдарында қала тұрғындарына арналған ойын-сауық, интерактивті викториналар, мерекелік сауда-саттық, фотозоналар ұйымдастырылып, барша келушілерге балмұздақтар таратылды.

– Осы мереке күні мен барша еңбеккерлерімізді кәсіби жетістіктері мен еліміздің өнеркәсібін дамытуға қосып жүрген елеулі үлестері үшін шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Әр күндеріңіз тек қуаныш пен сәттілік әкелсін! – деп құттықтады «Казцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин.

Жиында отандық металлургияның бастауында тұрған еңбек әулеттеріне де құрмет көрсетілді. Олар туралы роликтер көпшілік назарына ұсынылды. Отбасымен бірге салада еңбек етіп жүрген жерлестеріміз аз емес.

Салтанатты кеште дәстүр бойынша «Ізгі жүрек» марапаты табысталды. «Казцинк» кәсіпорны тағайындаған аталмыш сыйлық өз өмірі мен денсаулығын қатерге тіге отырып, өзге адамдарды құтқарып қалған ержүрек шығысқазақстандықтарды қолдауды көздейді. Бір ай бойы izgi-jurek.kz сайтында үміткерлерге дауыс беру жүргізілді. Үш жеңімпаздың әрқайсысы осы кеште арнайы мүсіншелер мен 1 миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сыйлық иегері Андрей Смольников өртеніп жатқан үйден екі бала мен олардың аналарын алып шыққан болатын. Екінші марапат иесі – әскери қызметкер Денис Шемет оқу-жаттығу кезінде кенеттен жарылған жауынгерлік гранатадан жас сарбазды өз денесімен жауып, қорғап қалған. Офицер өзі жарақат алса да, солдат дін аман үйіне оралған екен.

– Оқу-жаттығу барысында оқыс оқиға болды, атап айтсақ жауынгерлік граната сарбаздың қасына құлады. Бірер сәттен соң жарылатынын білдім. Ойланып тұратын емес, бірден әлгі солдатты өз денеммен гранатадан қалқалап қалуға тырыстым. Гранатаның үш жарықшағы маған тиген екен, екеуі әлі де менің денемде, – дейді Денис Шемет.

Сондай-ақ сыйлық Бұқтырма су қоймасында суға батып бара жатқан 13 жасар жеткіншекті құтқарған ТЖД қызметкері Еламан Нұқышевке берілді.

Атап өтерлігі, батыл жігіттерге сыйлықтарды Олимпиада чемпионы, атақты жеңіл атлет Ольга Рыпакованың өзі табыс етті.

– Металлург күні – біздің бөлімшелер орналасқан ауыл-қалалар үшін кәсіби ғана емес, отбасылық мереке. Металлург күні жерлестерімізді жанкешті ерліктері үшін адақтау ізгі дәстүрге айналып отыр. Олардың ерліктері баршамызды әлемді жақсарта түсуге шабыттандырады, – дейді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Бұдан соң былтырғы қарашадан осы жылдың сәуіріне дейін жалғасқан «Казцинк дауысы» шығармашылық байқауының финалистері сахнаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Олардың бәрі де осы компанияның қарапайым қызметкерлері екенін айта кеткен жөн.

Салтанатты кеш соңы әсерлі ән кешіне ұласты. Әйгілі әншілер Карина Абдуллина мен Садраддин өнер көрсетіп, көпшілікке қуаныш сыйлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу