Жүргізуші куәлігін қалай алуға және айырбастауға болады?
Қазақстан Республикасында жүргізуші куәлігін алу үдерісі бірнеше маңызды кезеңдерден тұрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әуелі, үміткер теориялық емтихан тапсыруы тиіс, содан кейін ғана практикалық емтиханға қатысуға рұқсат беріледі. Теориялық емтиханды тапсырмаған адам практикалық тестке жіберілмейді.
Егер сіз бірнеше санаттағы жүргізуші куәлігін алғыңыз келсе, бір теориялық емтихан тапсырып, практикалық тестті әр санат бойынша жеке тапсырасыз.
Теориялық және практикалық емтихандарға өтінішті электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері немесе көрсетілетін қызметтер операторлары арқылы беруге болады.
Ұлттық жүргізуші куәлігі 10 жыл мерзімге беріледі, осы уақыттан кейін куәлік жарамсыз деп танылады. Жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасында тұрақты тіркелген адамдарға, жеке басты куәландыратын құжат негізінде беріледі.
Жүргізуші куәлігін алу процесі құжаттарды тапсыру әдісіне байланысты өзгеруі мүмкін:
- Мемлекеттік корпорация (ХҚКО) арқылы қызметті көрсету мерзімі- 120 минут;
- egov.kz порталы немесе Kaspi, Halyk мобильді қосымшалары арқылы - 60 минут.
Куәлік алу үшін үміткерге қажетті құжаттар:
- Жеке басты куәландыратын құжат (немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық нұсқасы);
- Медициналық анықтама;
- Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
- Курстарды аяқтау туралы куәлік.
Жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж – 1,25 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) құрайды.
Жүргізуші куәлігін келесі жағдайларда ауыстыруға болады:
- Тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда;
- Пайдалану үшін жарамсыз болған жағдайда;
- Қолданылу мерзімі өткен жағдайда;
- Иесінің қалауы бойынша.
Ауыстырылған куәлік жарамсыз деп есептеледі және өтініш берген жері бойынша тапсырылуы тиіс.
Е.Айқымбеков,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы