KZ
Өскемен
+1°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
504.76 593.8 6.5

Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупі бар учаскелер бақылауда

Бүгін, 09:30 62 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының таулы өңірлерінде қар көшкіні қаупінің алдын алу мақсатында жоспарлы мониторинг жұмыстары жалғасуда. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Шығыс Қазақстан филиалының мамандары қар көшкіні жүруі ықтимал бағыттарда жерүсті тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Жоспарлы бақылау аясында Алтай ауданында бес, ал Катонқарағай ауданында төрт қар көшкіні ошағында визуалды тексеру ұйымдастырылды. Мамандардың мәліметінше, Алтай ауданындағы қауіпті беткейлерде қар жамылғысының қалыңдығы 80 сантиметрге дейін жетсе, Катонқарағай ауданында бұл көрсеткіш 50 сантиметр шамасында тіркелген.

Тексеру барысында қар жамылғысының қабаттық құрылымын анықтауға бағытталған стратиграфиялық бақылаулар жүргізілді. Бұл әдіс қардың тұрақтылық деңгейін нақты бағалауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда аталған аудандарда қар көшкіні жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Сонымен қатар, «Қазселденқорғау» мамандары қар көшкіні қаупі бар учаскелер арқылы жаяу немесе көлікпен жүретін азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Себебі, адам факторына байланысты қауіп әлі де сақталады. Әсіресе, шаңғышылар мен сноубордшылардың беткейлерді кесіп өтуі, сондай-ақ беткей етегінде ауыр техниканың қозғалысы қар көшкінінің жүруіне түрткі болуы мүмкін.

Осыған байланысты «Қазселденқорғау» ШҚ филиалы мен Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен туристерді таулы аймақтарда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға үндейді. Алдын ала қар көшкіні жүруі мүмкін аумақтарды зерттеп, қар жауып тұрған кезде және ауа райы қолайсыз жағдайда тауға шығудан бас тарту қажет.

Төтенше жағдай орын алған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу ұсынылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу