KZ
Өскемен
+23°
небольшая облачность жел 2 м/с, З
450.79 482.21 5.05

ШҚО-да тағы бір тау шаңғы базасы болады

9.03.2023, 20:00 790 Мадина Амангелдіқызы

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша Алтай ауданында тағы бір тау шаңғы базасы пайда болады.

Жанға жайлы жағажайымен жалпақ жұртқа мәшһұр Алтай ауданында жазғы демалыспен қатар қысқы туризмнің де тамырына қан жүгірмек. Бұл облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Қазір Жаңа Бұқтырма кентін абаттандыру жобасы дайын. Жобаға сәйкес Ертіске етегін малған елді мекеннің қақ ортасынан әсем Арбат салынбақ. Адамдар сейілдеп жүретін бұл серуен алаңқайы кент пен жағалауды жалғастырып тұратын көрінеді. Ең бастысы, демалыс базаларына апаратын тарам-тарам тас жолдарға асфальт төселіп, тақтайдай болады.

Бұған қоса Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа мектеп бой көтеріп, сквер мен субұрқақ орнатылады, орталық саябақ абаттандырылады.

– Былтыр жаз кезінде Бұқтырма су қоймасының аумағындағы жағажайларда 300 мыңнан астам турис демалды. Ал жоспарланған ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін біздің ауданға ат басын бұратындар қатары еселеп өседі деген ойымыз бар.

Сонымен қатар, біз ауданда қысқы туризмді де дамытуды көздеп отырмыз. Бұрын Орел тауында тау шаңғы базасы болған, кейін оның жұмысы тоқтап қалды. Енді осы бағыттағы жұмысты қолға алатын боламыз, – деп түсіндірді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко.   

Шенеуніктің айтуынша, аталмыш тау шаңғы базасын қайта қалпына келтіріп, шаруасын дөңгелетуге ниетті инвестор бар. Қазір ол болашақта мемлекеттің қолдауы арқасында іске асырылатын арнайы жоба әзірлеп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив