Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алды
Altaynews
Бүгін Ұлттық ұлан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерді еске алды.
Ұлттық ұлан – құқық қорғау әскерлерінде ерлікпен қаза тапқандарды еске алу күні болып жарияланды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелдінің айтуынша, жауынгер жолдастарды еске алу үшін Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде ерлік сабақтары, тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен ауғандық ардагерлермен кездесулер өткізіліп, ішкі әскердің қаза тапқан жауынгерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылған. Осындай іс-шаралардың бірі 6699 әскери бөлімінде өтті.
Естеріңізде болса, осыдан тура 28 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекараларын күзету жөніндегі үкіметтік міндетті атқарған қазақстандық бітімгерлер іргелес жақтағы содырлармен тең емес шайқас өткізгені белгілі.
Бұл тең емес майданда Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің 7-ші құрама ротасына тұтқиылдан шабуыл жасалып, 17 жауынгер қаза тауып, 33-і түрлі жарақат алды. Кейіннен 7 әскери қызметші алған жарақатынан қайтыс болса, 10 әскери қызметші мүгедек болып қалған.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 1995 жылғы 7 сәуір оқиғасына қатысқан барлығы 76 ауған соғысы ардагері бар.
2019 жылы қаза тапқан жауынгерлерді еске алу құрметіне Ұлттық ұланның бастамасымен және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің қолдауымен сол кездегі нақты оқиғаларға негізделген "Қазбат" көркем фильмі түсірілді.