KZ
Өскемен
-12°
туман жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Өскемендегі техникалық университет тың жоба бастады

11.07.2023, 10:57 524 Оразай Жеңісұлы

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Реверс-инжиниринг және күрделі, бейстандарт жабдықтардың торабын импортты алмастыру» деп аталатын жобаны қолға алды.

Бұл жоба Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асыратын «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының «I өндірістік сектордың консорциумдары: құзыреттілік орталықтары» гранттық бағдарламасы шеңберінде іске асырылады. Облыс орталығында орналасқан техникалық университеттің жанынан «Smart engineering» құзыреттілік орталығы құрылған болатын. Соның базасында смарт инжинирингтің әртүрлі технологиялары пысықталып жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 

Атап айтсақ, цифрлық деректерді алу, реверс-инжиниринг, әртүрлі бағдарламалық өнімдерде инженерлік талдау жасау, күрделі әрі бейстандарт жабдықтардың тораптары мен бөлшектерін әзірлеу және дайындау.

«Smart engineering» құзыреттілік орталығы машина жасау, тау-кен металлургиялық кешені, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және мұнай-газ сынды өнеркәсіп салаларына, сондай-ақ медицина саласына инжинирингтік қызмет көрсете алады.

Аталмыш орталық «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС, «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС сынды кәсіпорындармен серіктес екенін айтуымыз керек. Бүгінде «Smart engineering» мамандары серіктестерімен бірлесіп түрлі дақылдардың тамырына сұйық тыңайтқыш енгізу технологиясын пысықтап жатыр.  

Осы орайда айта кетейік, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС селекциямен, тұқым шаруашылығымен және сүтті мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығы өндірістерінің жаңа технологияларын енгізумен шұғылданатын база болып есептеледі. Мұндағы мамандар нақты егіншілік пен цифрландырудың элементтерін енгізіп, тыңайтқыштарды саралау және өнімділік картасын жасау сынды әдістерді қолданып келеді.

Ал «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасын өндірумен, жөндеумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Сондай-ақ шойын бұйымдар өндіреді және болат конструкциялар дайындайды. Өнеркәсіптік кәсіпорын болса да, ғылымға ерекше қызығушылық танытатынын атап өткен жөн. Ал ғылым және өндіріс консорциумы ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға қуатты серпін беретіні сөзсіз.

«Smart engineering» медициналық ғылыми-зерттеу институттарымен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Мәселен, құзыреттілік орталықтың мамандары Академик Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығымен бірлесіп отандық имплантаттар әзірлеуде. Импланттардың дамыған екі түрі клиникалық зерттеу кезеңінен өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ Семей медициналық университетімен бірлесіп адам сүйектерінің күрделі периартикулярлық сынықтарын репозициялау үшін «Гексапод» роботтандырылған құрылғысының дизайны, сондай-ақ иық сүйегіне арналған пластинаның жаңа дизайны жасалды. Аталмыш конструкциялар клиникалық зерттеу сатысында.

«Smart engineering» құзыреттілік орталығының ұжымы ұйымшыл әрі жас мамандардан құралған. Ал мұнда заманауи жабдықтардың бірегей паркі бар. Орталықтың әрбір қызметкері 3D сканерлеу, 3D модельдеу, сондай-ақ конструкторлық құжаттаманың бірыңғай жүйесінің талаптарына сәйкес конструкторлық құжаттама жасау дағдыларын меңгерген.

Орталық қазір консорциумның жаңа мүшелерін тартуға, дәлірек айтсақ, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ және «Plasma science» ЖШС-мен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

«Smart engineering» мамандарының айтуынша, алдағы уақытта бұл орталық түрлі салаға арналған жаңа технологияларды әзірлейтін алаңға айналады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу