KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,4 м/с, З
480.61 534.53 5.28

Суицидтің алдын алу ортақ міндетке айналуға тиіс

30.01.2024, 16:15 166 Нұржан Кенжеұлы

Балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналды. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында суицидке қатысты 9 қылмыстық іс қозғалса, былтыр 37 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Өкініштісі сол, суицидке баратындардың 32%-ы толық отбасыларда тұрып жатқандар және олардың мұндай қадамға баруына үйінде болатын кикілжіңдер мен жанжалдар әсер ететін көрінеді.

 

Кейінгі кезде елімізде кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті. Қоғамды алаңдатып отырған бұл мәселеге  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірлеу қажеттігін тапсырған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

– Біз балалардың құқығын қорғауға байланысты ауқымды мәселелерді шешуіміз керек. Біз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, балалар арасында суицид пен буллингтің алдын алу бойынша мемлекеттік бақылауды күшейтуге тиіспіз. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқығын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет, – деп атап өткен болатын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мамандардың пікірінше, балалардың өмір қауіпсіздігі мәселесінде отбасылық құндылықтар, үй ішіндегі атмосфера, ата-анасы мен айналасының жақсы қарым-қатынасы өте маңызды рөл атқарады. Көп жағдайда балалар өзін ешкімге қажетсіз санаған кезде осындай әрекеттерге қадам басатын көрінеді.

 

ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, соңғы жеті жылда жасөспірімдер арасындағы суицид динамикасы төмендеді, бірақ 2023 жылы күрт өсу байқалды. Былтыр барлығы 37 суицид оқиғасы тіркелген, олардың жетеуі қайғылы аяқталыпты. Көп жағдайда балалар мен жасөспірімдер жіптен кетіп жатады. Сол сияқты тамырын кесу, улану, биіктен секіру дерегі көп. Статистика көрсеткендей, өз-өзіне қол жұмсағандардың дені қыздар 57,1% (4 факт).

 

Былтыр тіркелген жағдайлардың ішінде ең көп суицид Өскеменде (16 факт) тіркеліпті. Сондай-ақ, бұл тізімге Риддер (9 дерек), Күршім (4 дерек) мен Шемонаиха аудандары (3) кірген. Өз-өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдердің орташа жасы – 15-17 жас аралығы.

 

– Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау себептеріне келсек, көбінесе үйдегі жанжал, оның ішінде ата-анасымен, өгей әкесімен немесе қамқоршыларымен арадағы кикілжің түрткі болғанын көреміз. Сол сияқты баланың психикасына әсер ететін жағдайлар, оқудағы проблемалар, істеген ісі үшін жазадан қорқу, жақындарынан айырылу сияқты жағдайлар да бар. Былтыр тіркелген 37 жағдайдың үшеуінде ғана өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірім соңынан жазба немесе бейнежазба қалдырып, туыстарымен қоштасқан, кешірім сұраған, – дейді облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәурен Иманмадиев.

«Суицидтің алдын алудың бірыңғай тәсілдері: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбындағы кеңейтілген кеңеске қатысқан ШҚО әкімі Ермек Көшербаев суицидтің алдын алудағы психологтардың рөліне тоқталды. Аймақ басшысының пікірінше, көп жағдайда балалар, баланы қойып ересектердің өзі психолог пен психиатрды ажырата алмай жатады. Психологқа баруға, көмегіне жүгінуге, ішкі сырымен бөлісуге жасқанады. Осы орайда, психологтар баламен ғана емес, ата-анамен де жұмыс жүргізуі керек. Мектептерде түрлі жағдайлар болып жатады, бұған тек мұғалімдерді кінәлау дұрыс емес. Өйткені, мұғалім баламен белгілі бір уақытты ғана бірге өткізеді. Бұл ретте, балақайлармен тәулік бойы жұмыс істейтін мекемелердің тәжірибесін негізге алған абзал.

 

– Суицидтің тұрақсыз динамикасы бар. Егер статистика зерттелмесе және талданбаса, мұндай кездесулердің еш пайдасы жоқ. Суицид, зорлық-зомбылық жағдайлары туралы барлық деректерді жинап, тәуекел факторларын анықтап, балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда оларға қалай көмектесе алатынымызды анықтау қажет. Әрине, көп нәрсе мұғалімге де қатысты. Бүгінгінің мұғалімі формулалар мен ережелерді үйретумен шектелмеуі керек. Ол баланың бойына ойлау, сезіну, шындыққа ұмтылу сияқты қасиеттерді сіңіре білуі қажет. Ол үшін педагогтардың мәртебесін өсіру керек, – деп қорытындылады облыс әкімі.

 

Сонымен қатар аймақ басшысы ұрпақ тәрбиесі жалпыға ортақ міндет екенін, оны тек ата-ана мен мектепке жүктеп қоймау қажеттігін атап өтті. Сондықтан аудан-қала әкімдерінің орынбасарларына бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, қазір «Жасөспірімдер арасында суицид қаупін ерте анықтау» тақырыбында мектеп психологтары мен мектептің медицина қызметкерлерін оқыту бойынша республикалық ғылыми білім беру мекемелерінің бейінді мамандарымен келісім жүргізіліп жатыр.

 

– Өңір мектептерінде мұғалімдердің, психологтардың, сынып жетекшілерінің, мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың бірлескен іс-қимыл жүйесі жолға қойылған. Облыстың медициналық ұйымдарының психологтары полиция қызметкерлерімен бірлесіп қолайсыз отбасылардың балаларымен жүйелі түрде профилактикалық жұмыс жүргізеді. Былтыр білім беру ұйымдарымен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жастар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған 65 іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды басқармадан.

 

Кеңес шеңберінде жоғары оқу орындары және колледж студенттері жиалғандарды кибербуллингтің алдын алуға, қалаусыз контенттен қорғауға, кәмелетке толмағандардың интернет-қауіпсіздігіне бағытталған «Nortrom» және «Желілік сақтаушы» авторлық қосымшаларымен таныстырды.

 

Кеңес қорытындысы бойынша суицидтің алдын алуға бағытталған іс-шараларының кешенін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Оның ішіне жалпы білім беретін мекемелерде кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен жеке жұмысты күшейту, жасөспірімдерге өмірлік қиындықтарды жеңуге жәрдемдесетін және оларды жасампаз даму жолына бағыттайтын әлеуметтік және психологиялық көмек қызметтері мен Сенім телефондары институтын нығайту сияқты бағыттар бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив