KZ
Өскемен
-14°
плотный туман Штиль
515.25 535.91 5.18

ШҚО тұрғындарының өтініші орындалып, орталықтар ашылды

13.02.2024, 17:01 254 Қызырбек Дүргінбайұлы

Бүгінгі таңда ШҚО-ның аудан-қалаларында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істеп тұр. Қарттардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған бұл орталықтарда келушілер дойбы, шахмат, үстел теннисін ойнап, қолөнермен шұғылдана алады. Сонымен қоса мұнда қазіргі технологияның жетістіктерімен танысып, интернетті меңгеруге, түрлі жаттығу жасап, денсаулықтарын нығайтуға, ән салып, би билеп көңіл көтеруге мүмкіндік жасалған.

Қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, биылғы 15 қаңтарда облыс әкімі Ермек Көшербаев өзінің орынбасарына, жауапты басқармалардың басшылары мен аудан-қалалардың әкімдеріне Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу туралы нақты хаттамалық тапсырма берген. Көп ұзамай жергілікті жерлерде орталықтар ашылып, аталған тапсырманың жедел әрі тиянақты жүзеге асырылуы халықтың өмір сүру жағдайына оң әсерін тигізе бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аймақ басшысы егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізетін орталықтар қажет екендігі туралы халықпен өткізіп жүрген кездесулерінде хабардар болған. Нәтижесінде тұрғындардың өтініші ескеріліп, Жаңа Қазақстанның өкіметі «халық үніне құлақ асатынын» нақты іс жүзінде дәлелдеді.     
Қазыналы қарттарымыздың белсенді де салауатты өмір салтын ұстануына арналған коворкинг орталықтар қазір Өскемен қаласында, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Ұлан, Алтай және басқа да аудандарда жұмыс істеп тұр.
Аталған орталықтарда егде жастағы адамдарға көптеген қызмет түрі көрсетіледі және ең бастысы бәрі тегін. Атап айтсақ, спортпен шұғылданып денсаулықты нығайтуға, қолөнермен, шығармашылықпен айналысуға, ақпараттық технологияларды меңгеруге, музыкалық аспаптарда ойнап, ән салуға, би билеуге, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі қатарлы ойындарды ойнауға мүмкіндік бар. 

– Қарттар қай уақытта да назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан да Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының барлық өңірде болғаны дұрыс. Қарттарымыз бос уақытын осындай орталықтарда өткізіп, денсаулықтарының қалыпты болуына көңіл бөлуі керек. Өйткені спорт денсаулыққа, шығармашылықпен айналысудың ой-санаға пайдасы зор, – дейі Күршім ауданының тұрғыны, қазыналы қария Есманбек Ақтекенов.

Сонымен қатар облыстағы спорт нысандары мен мектептердің спорт залдары да егде жастағы адамдар үшін есігін айқара ашқан. Арнайы уақыт белгіленіп, кесте жасалған. Белгіленген уақытта қарттарымыз спорт нысандарына барып волейбол, футбол, үстел теннисін ойнап, жаттығу залдарында шынығып жүр. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында өтетін шаралардың да уақыты белгіленіп, көрсетілген. 

– Енді кітапханада оқырмандарымыз кітап оқумен ғана шектелмей, өздерінің жеке шығармашылығымен де айналыса алады. Әртүрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге, кеңес алуға, идеялар талқылауға болады. Бұл орталықта ауыл тұрғындары интернетті меңгеріп, кездесулерге қатысады, телекоммуникациялық қызметтің барлық түрін тегін пайдаланады. Сондай-ақ мұнда дойбы, шахмат, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді, – дейді Тарбағатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалиев.

Былтыр өңірімізде жиыны 44 спорт нысаны, оның ішінде 95 спорт секциясы зейнеткерлерге қолжетімді болған. Онда 92 жаттықтырушы қызмет еткен. Ал осы секцияларға зейнет жасындағы 1382 адам барған. Қазір аймақтағы егде адамдар баратын спорт нысандарының саны 160-қа өскен, 304 спорт секциясында 250 жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр. Салауатты өмір салтын ұстанған қарттардың да қатары артып, 3214 адамға жеткен.
     

Қызырбек Дүргінбайұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу