Өскеменде «Мен әйелмін, әлемнің анасымын» атты аналар байқауы өтті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Өскемендегі Достық үйінде «Мен әйелмін, әлемнің анасымын» атты аналар байқауы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқау бес кезеңнен тұрды. «Сәлем-сөздің атасы», «Салтын сүйген халқын сүйер» және «Қыз-ұлт болашағы» атты алғашқы үш кезеңде өңіріміздің әр ауданынан келген аналар өздерін таныстырып, халқымыздың жарысқазан, сәбиді бесікке бөлеу, қыз ұзату, кимешек кигізу сияқты салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары және отбасындағы қыз тәрбиесі жайлы сахналық қойылымдар қойды.
«Зерделінің ойы озық» сайысында аналарымыздың білімі мен зияткерлік қабілеті сынға түсіп, көрермендер қойған сұрақтарға жауап берді.
Ал соңғы кезеңде аудандағы нәзік жандылардың жетістіктерін дәріптеу мақсатында түсіріліп, «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің инстаграм парақшасында жүктелген бейнероликтері бағаланды. Бұл кезеңде әрине, жұртшылықтың қаралымы мен пікірлері де ескерілді.
Байқауға барлық аналар ерекше дайындықпен келген. Қатысушылардың үстіндегі әдемі ұлттық киімдерінен бастап сахнадағы өнері, берген жауаптары мен салт-дәстүрге қатысты қойылымдары жұртшылық көңілінен шыққандығын залдағы жанкүйерлер мен көрермендердің қошаметінен-ақ көруге болады.
Байқау нәтижесінде тарбағатайлық «Мақта ана» тобы Бас жүлдені жеңіп алса, зайсандық «Дәуір қарлығаштары» 1-орын, глубокоелік «Тұмар» тобы 2- орын, ал риддерлік «Бойтұмар» тобы 3-орынды иеленді.
Жеңімпаз болған топтағы әрбір ана заманауи тігін машинасы, арнайы дипломдар мен ұлттық шапан сертификатымен марапатталды. Ал жүлделі орын алған барлық аналар электронды еттартқыш, сенсорлы қысқатолқынды пеш, шаңсорғыш сияқты сыйлықтарға ие болды.
Айжанат Бақытқызы