KZ
Өскемен
+23°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
478.93 534.96 5.16

«Торпедоға» жаңа бас бапкер тағайындалды

Фото: "Торпедо" ХК сайты

13.03.2024, 21:37 112 Нұржан Кенжеұлы

«Торпедоның» бас бапкері қызметіне Роман Козлов тағайындалды. Бұл туралы өскемендік клубтың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 
Айта кетейік, өскемендік жанкүйерлерге Козловтың есімі жақсы таныс. Өйткені, ол – жергілікті хоккей мектебінің түлегі. Хоккейші ретіндегі алғашқы қадамдарын Өскеменде бастаған Роман Козлов әр жылдары «Казцинк-Торпедо», «Барыс» (Астана), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Нефтяник» (Альметьевск), «Газовик» (Түмен), «Спутник» (Төменгі Тагил) пен «Зауралье» (Қорған) клубтарының, сондай-ақ, Әлем чемпионаттарында Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған.
Ал жаттықтырушы ретіндегі мансабын 2016 жылы Жастар хоккей лигасында өнер көрсететін «Алтай» (Өскемен) командасы бас бапкерінің көмекшісі болып бастаған ол артынша осы дивизионда ойнайтын қарағандылық «Қыран» мен «Теміртау» ұжымдарының тізгінін ұстаған.
2021 жылы «Сарыарқа» командасы бас бапкерінің көмекшісі қызметіне тағайындалған Р.Козлов қарағандылық ұжыммен бірге екі дүркін Қазақстан чемпионы атанып, бір рет ел Кубогына қол жеткізген. «Торпедоға» қайтып келмес бұрын жерлесіміз Ресейдің Жоғары хоккей лигасында ойнайтын «Динамо-Алтай» (Барнаул) командасының бапкері міндетін атқарған.
Осы ретте, Роман Козловтың Санкт-Петербор қаласындағы жаттықтырушылардың жоғары мектебінің түлегі екенін де айтқан абзал.

– «Торпедо» клубының ұжымы мен бас демеушісі «Казцинк» компаниясы жаңа бас бапкерге тек қана сәттілік тілейді! – деп жазады өскемендік клубтың баспасөз қызметі.


Осыған дейін «Торпедо» командасын бір жыл көлемінде жаттықтырған Александр Шахворостовпен келісімшарт үзілгенін хабарлаған болатынбыз. Бұған бірінші кезекте Қазақстан чемпионатында сынға түсетін өскемендік команданың биылғы жарысты тым ерте аяқтауы себеп болғаны анық.
Еске салайық, жүлделі орыннан үміткер саналған «Торпедо» 2023-2024 жылдарғы 1хBet Pro hokei Ligasy плей-офф кезеңінің ширек финалынан ары аса алмай қалған. Жартылай финалдың жолдамасын «Ақтөбе» командасымен сарапқа салған «торпедолықтар» қарсыласына 0:4 есебімен ойсырай ұтылған болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив