«Алтай» волейбол клубына Сербиядан жаңа бапкер келді
Өскемендік «Алтай» волейбол клубы құрамындағы қыздар командасының бас бапкері қызметіне сербиялық маман Марко Гршич тағайындалды. Бұл туралы клубтың «ВКонтакте» желісіндегі парақшасында жазылған.
Айта кетейік, шетелдік бапкердің есімі өскемендік волейбол сүйер қауымға жақсы таныс. Себебі, ол бұған дейін «Алтай-2» командасын жаттықтырған. Гршич, сондай-ақ әр жылдары «Пафиакос» (Кипр) клубының жаттықтырушысы, Сербия ұлттық құрамасы (жастар) бас бапкерінің көмекшісі қызметтерін атқарған.
Сербиялық маман «Алтай-2» командасының тізгінін былтыр күзде ұстағанын және өткен ел біріншілігін шығысқазақстандық команда төртінші орында аяқтағанын айта кеткен абзал. Енді Гршич бас команда бапкері қызметіне дейін өсті, ал «Алтай-2» волейболшыларын жергілікті маман Владимир Аниконов жаттықтырмақ.
Еске салайық, «Алтайдың» бұрынғы бас бапкері италиялық Лука Кьяппини Өскеменде 28-30 қазан аралығында өткен Қазақстан чемпионатының алғашқы турындағы сәтсіздігінен кейін (алаң иелері «Жетісудан» 0:3 есебімен жеңілген) қызметімен қош айтысқан болатын.
Осы ретте 11-15 қараша аралығында Өскемендегі Жекпе-жек сарайында Ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінің алғашқы жалпы тур ойындары өтуде екенін айту керек. Сегіз команда қатысып жатқан жарыста «Алтай» мен «Алтай-2» арулары да өнер көрсетуде. Бүгін ел чемпиондары кешкі сағат 17:30-да «Қарағандымен» шеберлік байқаспақ.