Енді жұмысқа орналасар кезде әскери билет сұралмайды
Фото: aikyn.kz
Жұмысқа орналасу немесе оқуға түсу кезінде енді заңды тұлғалар әскери билет талап етпейтін болды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Informburo.kz порталына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызмет өткеруге жататын адамдарды және мерзімді әскери міндеттілерді әскери есепке алу қағидаларына сәйкес заңды тұлғалар әскери есепке алуды жүргізуге міндетті.
Заңды тұлғалардың әскери есепке алуды жүргізген кездегі негізгі міндеттерінің бірі – жұмысқа (оқуға) қабылданған азаматтардың әскери есепке алу мәртебесін анықтау. Осыған байланысты кадр бөлімдері әскери есепке алу құжаттарын (әскери билет, тіркеу туралы куәлік), әскери қызмет өткергенін растайтын анықтамаларды және т.б.сұрататын.
Қарулы Күштердің жүргізіліп жатқан цифрлық трансформациясы бұл талаптарды жоюға мүмкіндік берді.
Қорғаныс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып, заңды тұлғаларға Әскери есепке алуды жүргізу қағидаларында көзделген қызметкердің жеке билеттерін толтыру үшін қажетті әскери есепке алу туралы ақпаратты алуға мүмкіндік беретін бірегей қызметтерді іске қосты.
Бұл санатқа ESUTD ақпаратық жүйесінде қызметкерлердің есебін жүргізетін үкіметтік емес ұйымдар да, Е-Қызмет ақпараттық жүйесінде қызметкерлердің есебін жүргізетін мемлекеттік органдар да кіреді.
Қорғаныс министрлігі ортада азамат пен ол туралы ақпарат болатын жүйені құру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.