Алматыда өскемендік ақынның кітабының тұсаукесері өтті
Жас шағында Алатауды жырымен жалт қаратқан Алтайдың ақын қызы Бақытжан Раисованың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Оны өлеңсүйер оқырман қауымнан естіп-біліп келеміз. Кейін туған жеріндегі бұлақ басына ат шалдырып, бұла ғұмырын елінде өткізген ақын жуықта Алатауға жыр қоржынын арқалап барып қайтты.
Алматыдағы Ұлттық кітапханада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақытжан Раисованың «Ботакөзі төңкерілген дүние» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жаңа туындының тұсаукесеріне қаламгерлер мен оқырман қауым қатысып, ақынға ақ жол тіледі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің модераторлығымен өткен әсерлі де әдемі кеште филология ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Бақытжан Раисованың шығармашылық еңбегіне байланысты мағыналы һәм мазмұны терең баяндама жасап, ақын жырын жан-жақты талдап берді.
Сонымен қатар әдеби кешке Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Тұрысбек Сәукетай, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақов, үлкен саясатта халықтың сөзін сөйлеп жүрген Дос Көшім және өзге оқырман қауым қатысып, ақын жырына жан-жақты тоқталып, шығармашылығына сәттілік тіледі. Кеш соңында Қыздар педагогикалық университетінің бір топ студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, көңілін асқақтатып қайтты.