KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, СБ
487.24 529.34 5.02

Тіл талаптарын бұзған кәсіпорындарға ескерту жасалды - Өскемен

6.05.2024, 17:16 184 Қызырбек Дүргінбайұлы

Қалада мемлекеттік тілдің заңдылықтары мен талаптарын сақтамай отырған кәсіпорындар бар. Тіл талаптарын бұзған кәсіпорындарға түсіндірме жұмысын жүргізу мақсатында Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен тіл жанашырлары мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мониторинг тобы алдымен адамдар қарасы көп жүретін «Юбилейный» кинотеатрына барды. Ондағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің түгелге жуығы қазақша десек те тіл бұзушылықтар бар. Кинотеатрдағы билет алуға арналған терминалдардың бірі тек орыс тілінде болса, өрт қаупісіздігі белгісіндегі мәтін де мемлекеттік тіл заңдылықтарына сай жазылмағандығын мониторинг тобы кәсіпорын басшысына ескертті. Кинотеатр басшысы бұл мәселе бойынша алдағы уақытта түзетулер болатынын айтты.

– Бүгін қаладағы бірнеше кәсіпорынға мемлекеттік тіл заңдылықтарын түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында тіл жанашырларының ұсынысымен мониторинг жүргізуді бастадық. Жалпы қаладағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заң талаптарына сай біріздендіру және жарнама мазмұнының қазақ, орыс тілдеріне аудару кезінде негізгі мағынасының дұрыс болуын қадағалау мақсатында жыл басынан бері 309 кәсіпкерлік субъектіге түсіндірме жүргізіліп, анықталған қателіктер бойынша 73 кәсіпорынның басшыларына әдістемелік ұсыным берілді. Баспа өнімдерін шығаратын кәсіпкерлердің 92  жарнамалық паспортының эскизі келісілді, – дейді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айым Әскерханова.

Мониторинг тобының өкілдері қаладағы құрылыс материалдарын сататын «Беакрис» базарына да барды. Тіл жанашырларының айтуынша, ондағы жарнамалық және көрнекілік ақпараттың барлығы дерлік тек орыс тілінде жазылған. Мемлекеттік тілде жазылғандарының өзі тіл заңдылықтары мен талаптарына сай емес.

– Бізде көптеген кәсіпорында тіл заңдылығы мен талаптары сақталмаған. Тіпті, кейбіреуі тек орыс тілінде жазып қояды. Біз тексерген «Юбиленый» кинотеатрында тіл талаптары біршама ретті екенін көрдік, қателіктер бойынша ерскерту жасадық. Ал «Беакрис» базарында көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндері заң талаптарына сай емес екен. Бүгін базар басшысы орнында жоқ болды, орынбасары жауап беруден бас тартты. Ал кәсіпорынның заңгері базардағы көрнекілік ақпараттың барлағы ескі екендігін айтып, жуық арада ауыстырамыз деп отыр. Біз белгілі мерзімде қайта айналып соғып, тексеретін боламыз. Кез келген қала тұрғыны мен кәсіпорындар мемлекеттік тілге құрметпен қараса екен, – дейді тіл жанашыры Аян Қалымбек.

Мониторинг тобы қаладағы басқа да бернеше кәсіпорынға барып, көрнекі ақпарат пен жарнама парағындағы мемлекеттік тілдің жайын тексерді. Рейд алдағы уақытта да жалғасатынын айта кетейік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив